ШЫНАЙЫ ШҮКІРЛІК ЕТЕ БІЛУ
Шүкір – өзіңе жасалған жақсылықты түсініп, оны жасағанға алғыс пен ризашылық білдіру деген сөз. Ал, хамд – тек жақсылық жасалған уақытта ғана емес, әрдайым өз ілтипатың мен игі сезімдеріңді білдіру. Олай болса, хамд білдіру шүкірден гөрі ауқымдырақ. Десек те хамд мазмұнында шүкір де қоса қамтылады.
Негізінде, шүкір – нығметті берушіні мойындап, еске алу деген сөз. Ол зікір мағынасына да ие бола алады. Өйткені, Құран Кәрімді осы екі ұғымда байланыстыратын аятта былай делінеді: «Сендер Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске алайын. Маған шүкірлік қылыңдар, күпірлік, көргенсіздік жасамаңдар» (Бақара сүресі, 152-аят). Сондықтан, хазірет Убайдуллаһ Ахрар «Шүкір нығмет ішінде жүріп нығметті берушіге ескеру бақыты», деп сипаттаған екен. Шүкірлік ету – Аллаһ Тағаланың берген нығметтерінен пайдаланып, қол қусырып отырмай сол нығметтер арқылы Оған жақындаудың да бір жолы. Ал, шүкіршілік жасамау дегеніміз берілген нығметтердің қызығын көріп, пайдаланып алғаннан соң оның иесіне көргенсіздік жасау. Мұны Құран былайша ескертеді: «… егер көргенсіздік қылатын болсаңдар, күмәнсіз азабым тым қатты болмақ!» (Ибраһим сүресі, 7-аят).
Шүкірдің осы мағынасын терең түсінген Пайғамбарымыз (с.а.у.) қашанда шүкір халінде ғұмыр кешті. Түнде тұрып аяқтары іскенге дейін намаз оқуының себебін сұраған Айшаға: «Шүкір етуші құл болмайын ба?» — деп жауап берген-ді (Бұхари, Муслим).
Шүкір Аллаһ Тағалаға өте ұнамды амал болғандықтан, берген нығметтерінің артуына себеп болады. «Егер шүкірлік қылсаңдар, нығметтерімді (одан сайын) күмәнсіз арттырамын» (Ибраһим сүресі, 7-аят) деген аят осыны баяндап тұр.
Олай болса, Аллаһ Тағаладан басқасына сүйенбей һәм Оған шынайы шүкірлігімізді білдіріп отыруымыз керек-ақ. Тіпті, шүкірлік ете алатын күйге жеткізгені үшін де шүкір етуіміз керек. Өйткені, әр ісімізде бізге тауфиқ беріп отыратын Хақ Тағала емес пе? Сондықтан, арифтер (өзін және Раббысын таныған құлдар) атқарған амалдарына сенім артпайды, үнемі шүкірлікпен Раббысына сыйынып отырады.
Құран Кәрімдегі «Сендерге берілген нығмет атаулының барлығы Аллаһтан» (Нахл сүресі, 53-аят) деген аятқа қарамастан, мына жалғанға жалаңаш болып келген адам баласы, қолы жеткен әр нығметті өзі тапқандай болып шүкірлікті ұмытып кетеді.
Шын мәнінде, толықтай шүкірлік ете алуымыз – тым қиын міндет. Сол себепті Құран Кәрімде: «Құлдарымның арасында шүкірлік ететіндер тым аз» (Сәбә сүресі, 13-аят) деп ескертіледі. Аяттағы «шакур» сөзі көп шүкірлік етуші, бар күшін шүкірге жұмсайтын, үнемі шүкірмен болатын адам деген сөз. Сахаба ибн Аббастан жеткен бір риуаятта: «Барлық жағдайда шүкірлік етуші» мағынасына келетіндігі айтылған. Нәміл сүресінде «Уа, Раббым! Маған анама, әкеме тарту еткен нығметтеріңе шүкірлік етуімді және Сен разы болатын істер істеуімді илхам ет. Өз рақымыңмен мені де салих құлдарыңның қатарына қоса гөр!» (Нәміл сүресі, 19-аят) деген дұғаны өзіне қағида етіп алған Сүлеймен (а.с.) сол аз шакур құлдардың бірі болғандығы айтылады.
«Аллаһ Тағала пайғамбар Дәуітке (а.с.) «Нығметтеріме шүкір ет!» деп уахи жіберді. Ол: «Тәңірдің нығметтеріне шүкір ете алсам, одан асқан нығмет болмас еді. Бірақ, толық шүкір ете алар ма екем?» — деп сұрайды. Сонда Хақ Тағала: «Осыны ұққан болсаң, құлдардың арасындағы ең шүкіршілі болғаның», — деп бұйырды».
Бүгінгі қиын-қыстау заманда қара судың қаншалықты баға жетпес нығмет екенін түсіне алмай жатқан жайымыз бар. Құран Кәрімде судың қадір-қасиеті жайында керемет айтылады: «Айт: Көрдіңдер ме, егер суларың тартылып қалса, сендерге кім ағын су бере алады?» (Мүлік сүресі, 30-аят). Әрине, мұндай нығметті бізге әу бастан тарту еткен Раббымыз ғана тартылған суды бізге қайтарып бере алады. Алайда, адам баласының басым көпшілігі күнделікті тіршілігінің басты көзі болып отырған суды ойланбастан ысырап қылып, оны молынан пайдаланып жатыр. Жаратқан Раббысын тым болмаса, еске алудан мақрұм. Дәл аятта айтылғанындай: «Адам баласы шын мәнінде Раббысына келгенде көргенсіз» (Адият сүресі, 6-аят). Яғни, өзіне беріліп жатқан нығметті ажырата алмады, сөйтіп шүкірін де білдіре алмады. Оларды өзінен деп білді. Тіпті қолында бар нығметтерді ұмытып, қолындағы жоқты ғана көріп, шағым айтумен әлек. Аллаһтың сый етіп берген нәрселерін қалағанынша қолданып, Оған қарсы қылықтар жасаудан артық көргенсіздік бар ма? Мұның соңы сау басымызға сақина тілеу демек!
Бір сөзбен айтқанда, нығметтердің қайтарымын өтемек былай тұрсын, есебіне де жете алмаймыз. Ендеше, Хақ Тағалаға шүкіршілігімізді өтеуге дәрменсіз екенімізді ұғынып, қолдан келгенше, тіліміздің жеткенінше шүкір жасасақ, бәлкім Аллаһтың құзырында ақиқи шүкір ретінде есептелерміз. Дүниеде де, ақыретте де нығметтеріміздің артуына себеп болар деген үміттен арылмайық!
Қаскелең қалалық «Әзірет Омар» мешітінің имам Нұрбосынов Ғани