Тәуелсіздік – ұлттың ең қастерлі құндылығы
Құрметті отандастар, ардақты ағайын!
Сіздерді Қазақстан Республикасының ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың сан ғасырлық арман-тілегінің орындалуы, ел бірлігі мен жер тұтастығының айқын көрінісі. Бұл күн азаттық жолында жанын қиған батырларымыз бен Желтоқсан құрбандарының рухына тағзым етіп, олардың ерлігін ұлықтайтын қасиетті мереке.
Ислам дінінде елдің тыныштығы мен қоғамның тұрақтылығы -үлкен нығмет. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Алланың нығметіне шүкір етіңдер» деп бұйырады. Елімізге амандық, жерімізге тыныштық, халқымызға береке сыйлаған Тәуелсіздік – шүкіршілік етуді талап ететін ұлы құндылық.
Бүгінде тәуелсіз елімізде дін мен дәстүр сабақтасып, рухани құндылықтар жаңғырып келеді. Бұл – ел бірлігінің, ынтымақ пен татулықтың айқын белгісі. Біз жас ұрпаққа отансүйгіштік, имандылық пен жауапкершілік сезімін дарыту арқылы тәуелсіздігімізді нығайта түсуге міндеттіміз.
Осы мерейлі күні баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға береке тілеймін. Алла Тағала еліміздің тыныштығын сақтап, тәуелсіздігімізді тұғырлы, бірлігімізді бекем етсін!
Тәуелсіз Қазақстанымыз жасай берсін!
Пірімқұлов Мадияр Тағайбайұлы
Алматы облысының бас имамы
