ТЕКТІЛІК – АСЫЛ ҚАСИЕТ ЖӘНЕ НЕКЕНІҢ БЕРЕКЕТІ
الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Ассаламуалайкум уа рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ!
Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Асыл дінімізде адамзаттың пайдасы үшін баяндалған үкімдердің бірі – некелесу. Некелесу арқылы адам баласы өмірлік жұбымен бас қосып, ұрпағын жалғастырады. Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَاللَّهُ جَعَلَ لَكُمْ مِنْ أَنْفُسِكُمْ أَزْوَاجًا وَجَعَلَ لَكُمْ مِنْ أَزْوَاجِكُمْ بَنِينَ وَحَفَدَةً
«Сондай-ақ Алла өз болмыстарыңнан сендер үшін жұбайлар жаратты. Жұбайларың арқылы сендерге балалар, немерелер сүйгізді», – деп айтқан («Нахыл» сүресі, 72-аят).
Некелесу – барлық пайғамбардың сүннеті. Ханафи мәзһабының белгілі ғалымы Ибн Абидин (Алла оны рақымына алсын): «Біз үшін Адам ата заманынан осы заманға дейін шариғат етіп бекіген, жәннатта да жалғасатын неке мен иманнан өзге құлшылық жоқ», – дейді. Ардақты Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
النِّكَاحُ مِنْ سُنَّتِي ، فَمَنْ لَمْ يَعْمَلْ بِسُنَّتِي فَلَيْسَ مِنِّي ، وَتَزَوَّجُوا فَإِنِّي مُكَاثِرٌ بِكُمْ الْأُمَمَ ، وَمَنْ كَانَ ذَا طَوْلٍ فَلْيَنْكِحْ ، وَمَنْ لَمْ يَجِدْ فَعَلَيْهِ بِالصِّيَامِ فَإِنَّ الصَّوْمَ لَهُ وِجَاءٌ
«Некелесу – менің сүннетім. Кімде-кім сүннетімнен бас тартса, менен емес. Үйленіңдер. Өйткені мен қиямет күні өзге үмбеттердің алдында сендердің көптіктеріңді мақтан етемін. Кімде-кім үйленуге шамасы жетсе, үйленсін. Үйленуге шамасы келмесе, ораза ұстасын. Өйткені ораза ол үшін қалқан болады», – деген (имам Бұхари).
Жалпы неке деп шаңырақ көтеруші ер мен әйелдің ұсыныс және қабылдау арқылы сөз байласуын атаймыз. Неке өзіндік шарттары мен міндеттерінің орындалуы арқылы жүзеге асады. Осындай арнайы шарттардың жүзеге асуы арқылы құрылған некеге халқымыз «адал неке», «ақ неке» деген сөз тіркестерін қолданған. Ал некесіз еркін жүріске салыну –дінімізде харам етілген іс. Бұндай қарым-қатынастың белең алуы қоғамда арсыздықтың жайылуына, тектіліктің жойылуына алып келеді. Сондықтан да ақ некенің қадірін түсініп, оның артықшылығын білу, оны келер ұрпаққа насихат етіп түсіндіру баршамызға бірдей міндет. Бүгінгі жұма уағызымызда некенің негізгі артықшылықтарына тоқталамыз.
Үйлену – ризық кілттерінің бірі. Отбасын құру арқылы адамның ризығы, берекеті арта түседі. Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَأَنْكِحُوا الأيَامَى مِنْكُمْ وَالصَّالِحِينَ مِنْ عِبَادِكُمْ وَإِمائِكُمْ إِن يَكُونُوا فُقَرَاءَ يُغْنِهِمُ اللهُ مِن فَضْلِهِ وَاللهُ وَاسِعٌ عَلِيمٌ
«Өз араларыңдағы бойдақ болып жүргендерді және құлдарың мен күндеріңнің ізгі болғандарының некелерін қиып, үйлендіріңдер. Егер олар кедей болса, Алла мейірімін төгіп, жағдайларын жақсартады (байытады). Алла – рақымы шексіз кең, барлығын білуші», – деп айтқан («Нұр» сүресі, 32-аят).
Хазіреті Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын) аталмыш аятқа сүйеніп: «Алланың неке турасында әмір еткеніне бағыныңдар, сонда байлық турасында сендерге уәде етілгені орындалады», – деген екен. Имам Қуртубидің тәпсірінде Ибн Омар (Алла оған разы болсын): «Үйлену арқылы байлыққа қол жеткізуге талаптанбайтын адамға таңданамын. Алла Тағала аятта: «Егер олар кедей болса да, Алла өз кеңшілігімен оларды байытады», – деп айтты емес пе?» – дегені жеткен.
Қазақ халқында «Бас екеу болмай, мал төртеу болмас», – деп үйленіп, отбасын құру адамның ризық-несібесінің артуына себепші болатынын білдірген. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Алла Тағала үш адамға міндетті түрде жәрдем етеді. Ол: Алланың жолында күресуші, бостандық алу үшін келісім жасап, соны төлеуге тырысқан құл және ар-намысын сақтауды қалап үйленген адам», – деген (имам Термизи). Бұл хадисте өзінің ар-намысын сақтау үшін үйленіп, шаңырақ көтерген жан Алла Тағала міндетті түрде жәрдем беретін үш топтағы адамның біріне кіретіні баяндалуда.
Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жаңа үйленген жандарға:
بَارَكَ اللهُ لَكَ، وَبَارَكَ عَلَيْكَ، وَجَمَعَ بَيْنَكُمَا فِي خَيْرٍ
«Алла саған береке берсін, әрі береке жаудырсын, сендерді жақсылықта біріктірсін», – деп отбасыларына береке-жақсылық тілеуінде де осындай сыр бар. Себебі берекет – жақсылықтың артуы, ұлғаюы деген мағынаны білдіреді.
Ендеше үйленуде үлкен берекет пен қайыр жақсылық бар. Асыл дінімізде еш себепсіз үйленбей, бойдақтық өмірді хош көру дұрыс іс емес. Ата-бабаларымыз жалғыз жүрген жанды көрсе: «Жалғыздық бір Құдайға ғана жарасқан» – деп, Жаратушының жалғыз екенін айтумен қатар, адам баласына үйлену, отбасын құру, ұрпақ көбейту қажеттігін жеткізген.
Қазір шыны керек қоғамда үйленбей, салт жүрген жастарымыз көп. Себебін сұрасаң жігіттер: «Дұрыс қыз жоқ» деп уәж айтады, қыздар жағы: «Дұрыс жігіт жоқ» дейді. Немесе керемет бір сезім келіп, ғашық болғанын күтіп жүреді. Кейін жас келіп қалғаннан кейін адам талғампаз, таңдағыш болып қалады. Ең соңында салт жүріп үйреніп қалғаннан кейін жауапкершілікті алғысы келмейді, үйленіп, отбасылы болу деген біртүрлі бойында үрей тудырып, қорқады. Бірақ, қартайып, өмірлік жарсыз, ұрпақсыз қалғанда, адам баласы үлкен өкінішке тап болады.
Сондықтан да қадірменді жастар! Жоғары оқу орнын бітіріп, жасыңыз келді ме, отбасын құрып, отау тігуге асығыңыздар. Осы тұста тағы бір айта кететін жайт, «Үйлену оңай, үй болу қиын» деп жатады. Үйленгеннен кейін дұрыс, тату-тәтті шаңырақ құруды қаласақ, үйленуге дайындықпен келейік. Отбасын құруға дайындықты айтқанда көп адам материалдық дайындықты түсінеді. Дұрыс, белгілі бір дәрежеде ол да болуы керек. Бірақ үй болуға ең алдымен біліммен әрі рухани дайындық жасалуы қажет.
Бір адам кәсіп бастайтын кезде сол салада тыңғылықты зерттеу жүргізеді. Кітап оқиды, арнайы курстарға баруы мүмкін. Ол кәсіп барысында туындауы мүмкін кедергі, қиындықтарды шешу жолын үйренеді. Өйткені ол қаражатын салып, өзінің алтындай уақытын жұмсайды. Ал енді дүние-ақыретімізді шешейін деп тұрған, ұрпағымыздың дұрыс не бұрыс болуына тікелей әсер ететін отбасы деген мәселеге ешқандай дайындықсыз, тек жалт еткен сезімнің жетегімен келе салу – үлкен қателік. Осы себепті шаңырақ құруға асығып әрі үйленерден бұрын отбасылық міндеттеріңізбен танысып, жақсы жар болудың қыр-сырларын үйреніп, кітап оқып, білетін үлкендерден сұрап, бұл жауапкершілікке үлкен дайындықпен қадам басыңыз!
Қанша жігіт сөз айтса да, ешқайсысын менсіне қоймаған бір қыз болыпты. Бірнеше жылдан кейін әлгі қызды құрбыларының бірі жасы өзінен едәуір үлкен, онша сұқыты жоқ бір ер адаммен көріп қалады. Таңданысын жасыра алмаған құрбысы: «Құрбым-ау, жігіттердің төрелері сөз айтқанда қарамап едің, таңдаған күйеуің осы болғаны ма?» – депті. Сонда ол құрбысының қолынан жетектеп, гүл бағына алып барады да: «Маған осы бақтан ең әдемі бір гүлді таңдап бер. Бірақ өтіп кеткен гүлдің қасына қайтадан айналып келуге болмайды», – деп шарт қояды. Құрбысы жұпар иісі аңқыған, түрлі-түсті реңімен күлімдей түскен гүлдердің арасына кіріп кетіп, анаған бір көз салып, мынаған бір қарап, одан жақсырағы кездесіп қалар деп жүріп, бақшаның ең соңына жетіп, амалсыз солып қалған, бір гүлді жұлып, алып шығыпты. Сонда әлгі қыз құрбысына: «Менің жағдайымды енді түсінген боларсың?» – деген екен.
Алла Тағала адам баласы жер бетінде ұрпақ жалғастырсын деп ер мен әйел етіп, жұп қылып жаратты. Алла Тағала қасиетті Құранда:
يَا أَيُّهَا النَّاسُ إِنَّا خَلَقْنَاكُمْ مِنْ ذَكَرٍ وَأُنْثَى وَجَعَلْنَاكُمْ شُعُوباً وَقَبَائِلَ لِتَعَارَفُوا إِنَّ أَكْرَمَكُمْ عِنْدَ اللَّهِ أَتْقَاكُمْ إِنَّ اللَّهَ عَلِيمٌ خَبِيرٌ
«Уа, адамдар! Расында сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар еттік. Шын мәнінде Алланың құзырында ең ардақтыларың – тақуаларың. Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы», – деп айтқан («Хұжырат» сүресі, 13-аят).
Адам баласы өз ұрпағын шариғат адал еткен таза жолмен, яғни ақ неке арқылы өрбітуі қажет. Осы себепті де ізгі ұрпақ қалдырып, салиқалы перзент тәрбиелеуде некенің маңызы өте үлкен.
Ислам тарихында көптеген ғұлама-ғалымдарымыз қасиетті Құранның неке жайындағы аяттары мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистеріне үңіле отырып, оны зерттеп, зерделеп, бұл тақырыпта қаншама еңбектер қалдырған. Соның ішінде некенің артықшылығы, үкімі, шарттары, үйленуге тыйым салынатын жандар, ерлі-зайыптылардың өзара міндеттері, қарым-қатынас әдебі, ұрпағымыздың алдындағы міндеттеріміз деген сияқты өзге де көптеген тақырыптар тереңінен қозғалады. Бұның өзі некенің асыл дінімізде қаншалықты үлкен маңызға ие екенін көрсетеді.
Діні мен дәстүрін ұштастыра білген ата-баларымыз да өз ұрпағының ақ неке арқылы өрбуіне, адалдықтың сақталуына үлкен мән берген. «Жеті атасын білмеген жетесіз» деп өзінің шыққан тегін, кімнің ұрпағы екенін білмеуді жетесіздік деп таныған. Осындай даналығы арқылы ғасырлар бойы арсыздықтың алдын алып, ұрпағын жаман жолдан сақтандырып отырған.
Осыны ескерген әрбір адам өз ұрпағының тектілігіне, ақ некемен, адал жолмен жалғасуына үлкен мән беруі қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
تَنَاكَحُوا تَنَاسَلُوا تَكَاثَرُوا فَإِنِّي مُبَاهٍ بِكُمِ اْلأُمَمَ يَوْمَ الْقِيَامَةِ
«Неке қидырып үйленіңдер, перзентті болып көбейіңдер. Әрине, мен сендердің көптіктеріңді қиямет күні басқа үмбеттің алдында мақтаныш етемін», – деген.
Бұл хадис шәріптен мынадай ғибраттар алуымызға болады:
- Некелесудің ең негізгі жемісінің бірі – ұрпақ көбейту;
- Аталмыш хадисте әуелі «Неке қидырып үйленіңдер», – делінеді де, кейін: «перзентті болып көбейіңдер» делінеді. Алдымен некелесу бұйырылып, одан кейін ғана ұрпақ көбейту мәселесі айтылған. Бұл реттіліктен ұрпақ көбейту арсыз жолмен емес, некелесу арқылы, шариғатымыз құптаған, таза жолмен болуы керектігін түсінеміз;
- «…мен сендердің көптіктеріңді қиямет күні басқа үмбеттің алдында мақтаныш етемін», – деу арқылы Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұрпақты ақыретте Пайғамбарымыз мақтан тұтатындай, ізгі үмбет, салиқалы жан етіп тәрбиелеу ата-анаға міндет екенін меңзеді.
Ислам діні арсыздық пен зинақорлық індетінің алдын алу үшін мұсылман баласына отбасылық өмірін ақ некемен бастауды әмір еткен. Алла Тағаланың адал жолымен қосылып, перзент сүйіп, киелі шаңырақ көтеру арқылы адам баласы өз ар-намысын сақтайды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
يَا مَعْشَرَ الشَّبَابِ مَنِ اسْتَطَاعَ مِنْكُم البَاءَةَ فَلْيَتَزَوَّجْ فَإِنَّهُ أَغَضُّ لِلْبَصَرِ وَأَحْصَنُ لِلْفَرْجِ، وَمَنْ لَمْ يَسْتَطِعْ فَعَلَيْهِ بِالصَّوْمِ فَإِنَّهُ لَهُ وِجَاءٌ
«Уа, жастар! Араларыңыздан үйленуге жағдайлары барларыңыз үйленсін. Үйлену – көзді харамнан, бойды күнәдан сақтайды. Үйленуге жағдайы келмегендер ораза ұстасын. Себебі, ораза ол үшін қалқан», – деп өсиет еткен (имам Бұхари).
Әрқашан тазалық пен тектілікті көздейтін шариғатымыз некесіз ер мен әйелдің шариғатта жағыз қалуына, түн жамылып жеке кездесуіне, некеден кейінгі өмірде атқарылатын істерге некеге дейін баруға тыйым салады. Өйткені бұл қоғамда арсыздықтың тарауына, қаракөз жетімдердердің дүниеге келуіне себепші болады. Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَلاَ تَقْرَبُواْ الزِّنَى إِنَّهُ كَانَ فَاحِشَةً وَسَاء سَبِيلاً
«Зинаға жақындамаңдар. Расында ол – азғындық және жаман жол», – деп ескерткен («Исра» сүресі, 32-аят).
Аятта: «зинаны жасамаңдар» демей, «зинаға жақындамаңдар», – деуі бұл істің ауыр күнә екендігін әрі мұсылман адамға зинаға апаратын барлық іс-әрекеттерден тыйылу керектігін білдіреді. Өйткені зинақорлық – пенденің адамдығына сызат түсіріп, қоғамды іштей бұзып, арсыздықтың жайылуына себепкер болатын үлкен күнә. Сондықтан да адамзат тарихындағы кез келген қоғамда, барлық заманда зинақорлық арсыздық деп танылып, оны жасаушыларға ауыр жазалар белгіленген. «Мал сақтама, ар сақта», «Малым – жаным садағасы, жаным – арымның садағасы» деген қазақ халқы да зинақорлыққа, арсыздыққа баруды ауыр қылмыс деп білген. Тәуке ханның «Жеті жарғысының» 4-жарғысы зинақорлыққа арналып, онда «Өзге біреудің әйелімен зинақорлық жасап, ақ некені бұзушыларға өлім жазасы бұйырылсын» делінген. Құнанбай қажының осындай арсыз іске барған Қодар мен оның келіні Қамқаны жұрт көзінше ауыр жазалауы да ата-бабаларымыздың зинақорлыққа қаншалықты қатаң қарағандығын көрсетеді.
Жүсіп Баласағұни бабамыз:
Кедей емес, бай болуды көздесең –
Зина қылып ел арасын кезбе сен, – деп зинақорлық дүниеде адамды кедейлікке душар ететінін айтқан.
Мақсаты ұрпақты көбейту емес, керісінше оны азайтуға әрі азғындыққа негізделген некесіз қарым-қатынасқа дініміз қатаң тыйым салады. Уақытында тұрмыс құрмағаннан кейін баланы өзім үшін тауып алдым дейтін жандар да кездесіп жатады. Еліктеудің сорақысы бір жынысты некені қолдап, қараны ақ, күнәні сауап деп жүргендер де қазір қоғамда кездеседі.
Зинақорлық қандай харам болса, бір жыныстағы екі тұлғаның өзара жыныстық қатынасқа түсуі де сондай харам. Қасиетті Құранда мұндай ауытқулар «әл-фахиша», яғни «арсыздық», «бұзақылық» деп айтылған. Тарихта бұндай азғын іске барып, күнәға белшесінен батқан Лұт қауымына тиісті жазасы берілгені қасиетті Құранда хабар етілген. Олар көздері көр етілген халде таңға жуық толығымен опат етілді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Лұттың қауымы істеген істі істегендер Алла Тағаланың қарғысына ұшырады!» – деп ескерткен (имам Ахмад).
Сондықтан да Алла Тағала елімізді бұндай азғындықтан, жастарымызды олардың азғыруынан сақтасын!
Адам баласы отбасын құруда дініміз бен дәстүрімізде құпталған, ғасырлар бойы жалғасын тапқан тәртіпке сай ер мен әйел шаңырақ көтеріп, ақ некемен жұптасқан жағдайда ғана ары мен абыройын сақтап, ұрпақ сабақтастығын жалғастыратынын ұмытпайық! Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَمِنْ آيَاتِهِ أَنْ خَلَقَ لَكُمْ مِنْ أَنْفُسِكُمْ أَزْوَاجًا لِتَسْكُنُوا إِلَيْهَا وَجَعَلَ بَيْنَكُمْ مَوَدَّةً وَرَحْمَةً ۚ إِنَّ فِي ذَٰلِكَ لَآيَاتٍ لِقَوْمٍ يَتَفَكَّرُونَ
«Сендерге Оның (Алланың құдіретін көрсететін) айқын дәлелдерінің бірі – өз болмыстарыңнан жандарың жай тапсын деп, сендер үшін жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік пен мейірімділік сезімін ұялатты. Расында осыны ақылға салып, ойланатын қауым үшін айқын дәлелдер мен ғибрат бар», – деп ескерткен («Рум» сүресі, 21-аят).
Қадірменді жамағат!
Уақытымыздың қысқалығына байланысты бүгін некенің негізгі артықшылығы мен пайдаларына тоқталып өттік. Ақ некенің бұл айтылғандардан да өзге адамзат қоғамына деген пайдасы өте көп. Осыншалықты үлкен мән-маңызы болғаннан кейін Алла Тағаланың ең сүйікті құлдары болған пайғамбарлардың өзі некелесіп, отбасын құруға үлкен мән берген. Алла Тағала қасиетті Құранда::
وَلَقَدْ أَرْسَلْنَا رُسُلاً مِّن قَبْلِكَ وَجَعَلْنَا لَهُمْ أَزْوَاجًا
«Расында сендерден бұрын да пайғамбарлар жібергенбіз. Оларға да жұбайлар, ұрпақтар бергенбіз», – деп айтылған («Рағыд» сүресі, 38-аят).
Бірде ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұбайларының үйіне үш кісі келіп, Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құлшылығы жайында сұрайды. Оларға оны айтқаннан кейін азсынғандай болып: «Бізге Пайғамбардай болу қайда, Оның өткен және кейінгі күнәларының барлығы кешірілген емес пе?» – дейді де, арасынан біреуі: «Мен енді түні бойы құлшылық етемін», – десе, екіншісі: «Мен үзбей ораза ұстаймын», – дейді. Ал үшіншісі: «Мен әйелдерден алыстап, мүлде үйленбеймін», – деп айтады. Біраз уақыттан кейін олардың жанына ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Солай да солай деп айтқан сендерсіңдер ме? Алла Тағаланың атымен ант етейін мен сендерге қарағанда Алла Тағаладан көбірек қорқамын әрі тақуалық қыламын. Бірақ мен кей күндері ораза тұтсам, кей күндері аузымды ашып жүремін, түндері намаз оқимын әрі ұйықтаймын, сонымен қатар әйелдерге үйленемін. Ал кім менің сүннетімнен бас тартса, бізден емес», – деген.
Алла Тағала еліміздегі әрбір шаңыраққа, әр отбасыға берекесі мен жақсылығын нәсіп етіп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі