preloader

Мақалалар

Теңдессіз артықшылықтарға толы Рамазан

Теңдессіз артықшылықтарға толы Рамазан

Бүгін мұсылмандар қасиетті Рамазан айына аяқ басты. Рамазан – әрбір мұсылманның асыға күтетін уақыты. Алла Тағала ұлық еткен бұл ай ерекше, теңдессіз артықшылықтарға толы.

Рамазан – ардақты пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әлемдердің Раббысынан алғашқы аяндар түсе бастаған ай. Сондықтан мұсылмандар бұл мезгілде үнемі Құран оқып, сүрелерді жаттап, өз өмірлерін   жақсы жаққа өзгертуге тырысады.

Алла Тағала қасиетті Құранда:

«Рамазан айы – адамзатты тура жолға бастаушы, айқын дәлелдерді һәм ақиқат пен жалғанның ара-жігін ажырататын өлшемдерді қамтыған қасиетті Құран түсе бастаған ерекше ай. Араларыңнан кімде-кім Рамазан айына аман-есен жетсе, оны ораза ұстап өткізсін. …» («әл-Бақара» сүресі, 185 аят), деп бұйырады.

Қиямет күні мұсылманның тұтқан оразасы мен оқыған Құраны оған шапағатшы болып келетіндігі туралы Алла елшісі (с.ғ.с.) былай деп айтқан:

«Қиямет күнінде Раббының алдында ораза мен Құран пенде үшін шапағатшы болады. Ораза келіп:

– Раббым! Мен оны күндіз ішіп-жеуден тыйған едім. Енді мен оған шапағатшы болайын – дейді. Құран келіп:

– Раббым! Мен оны түндерде ұйқысынан айырдым. Сол үшін оған шапағат етейін – дейді. Алла ол екеуіне шапағат етулеріне рұқсат береді. Олар шапағат қылады».

Рамазан – ораза айы

Ораза – Исламның бес парызының бірі. Тек Рамазан айында ғана ораза парыз болып, оны орындау парыз ғибадат болып саналады. Оразаны себепсіз ұстамау – күнә.

Ораза тек ішіп-жеуден тыйылу емес. Ораза дегеніміз – адам баласының Алла Тағаланың разылығы үшін өзін-өзі тәрбиелеуі, рухани, тәндік тұрғыдан тазаруы.

Рамазан – тарауық айы

Тарауық – Рамазан айында мүміндердің жүректерін біріктіретін ерекше құлшылық. Бұл ардақты пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бері келе жатқан дәстүр. Мешіттерімізде тарауық намазына жиналу арқылы Алла елшісінің (с.ғ.с.) сүннетін жаңғыртамыз.

Қадір түні де осы Рамазан айында жасырылған. Сауабы мың айдан да қайырлы бүл түн Алла елшісінің (с.ғ.с.) үмметіне берілген үлкен нығмет.

Рамазан – рақым айы

Алла Тағала бізге мейірімін бөледі деген үмітпен, біз де бұл мезгілде ерекше мейірімділік танытуымыз керек. Рамазан айында мұсылмандарға жүктелетін пітір, підия және зекет әлеуметтік жағдайы төмен жандардың мұң-мұқтажын түсініп, оларға шынайы жанашырлық танытудың бірден-бір жолы.

Рамазан айы көп жауапкершіліктерге қарамастан мұсылмандар үшін тыныштық мезгілі. Бір жыл бойы дүниелік істермен айналысып, осы айда шын ниетімен:

«Алла Тағалам, міне, мен Рамазан айына да жеттім. Мен бұл айда өзімді Саған толықтай арнағым келеді. Менің күнәларымды кешіре гөр. Маған разы болып, осы Рамазанда мені тозақтан құтқара гөр», деп дұға ететін болсақ, Раббымыз міндетті түрде дұғамызға жауап қайтарады деп үміттенеміз.

Рамазан – Алла жолында бар күш-жігерін жұмсаса, мүміннің барлық күнәларының кешірілуіне ие болатын ай. Бұл – шайтандардың кісенділіп, адам баласының ниет еткен амалдары мен құлшылықтарына кедергі жасамайтын жалғыз уақыт.

Рамазан айы ізгі амалдардың маусымы. Бұл айда орындалатын ораза парызын аса жауапкершілікпен, тақуалықпен тұтқанымыз ләзім. Сонда ғана мойнымыздағы міндетімізді адал атқарып, Алланың разылығына жете аламыз.

Алла Тағаладан осы Рамазанды дүниеде де, ақыретте де берекелі әрі пайдалы етуді сұраймыз. Әмин!

Дәуренбек Жандосұлы,

Алматы облыстық «Қапшағай» мешітінің бірінші наиб имамы, Қарасай ауданының бас имамы