preloader

Мақалалар

Зекет – Исламдағы өзара көмек көпірі

Зекет – Исламдағы өзара көмек көпірі

Барлық мақтау мен мадақ бүкіл әлемдердің Жаратушысы Аллаға болсын. Оның игілігі мен сәлемі екі дүниенің сардары, адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның отбасына және де қияметке дейін оның артынан ізгілікте еруші үмметіне болғай!

Алла Тағала Құранда өзінің әмірлерін орындап, тыйымдарынан тыйылған құлдарын ақыретте сый-сияпатқа кенелтіп, Өзінің мейіріміне бөлейтіндігі турасында сөз беріп, уәде еткен.

«Әл-Бақара» сүресінің 43-ші аятында:

«Намазды кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқыңдар, зекетті толық беріңдер …» деп айтылады.

Демек, зекет те Алла Тағаланың бізге бұйырған әмірлерінің бірі. Мал-мүлік арқылы атқарылатын зекет құлшылығы Құран, сүннет, ижмәмен нақты белгіленген.

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің аса танымал хадисінде: «Ислам діні бес негізден тұрады: Алладан басқа тәңір жоқ екендігіне және Мұхаммедтің (с.ғ.с) Алла тарапынан жіберілген елші екендігіне куәлік келтіру, намаз оқу, зекет беру, Рамазан оразасын ұстау, шамасы келсе қажылыққа бару», деп зекеттің дініміздегі негізгі парыздардың бірі екендігін баса айтып өткен.

Алла Тағала тарапынан һижреттің 2-ші жылы Рамазан оразасынан кейін шәууал айында зекеттің парыздығы белгілі болды.

Қасиетті Құранның 82 жерінде зекеттің намазбен қатар айтылуы да бұл құлшылықтың қаншалықты маңызға ие екендігінің айғағы.

Жалпы «зекет» сөзі араб тілінен аударғанда «көбею, өсу, берекеттену, тазалық» мағынасын қамтиды. Ал, шариғаттағы терминдік мағынасы: зекет беретін нисаб мөлшеріне жететін дүние-мүлікке ие болған мұсылманның байлығының белгілі бір бөлігін жылына бір рет Алла Тағала разылығы үшін Құранның «Тәубе» сүресінің 60-шы аятында аталған адамдарға иелендіруі.

Алла Тағала құлдарына жүктеген амалдарының пендесі үшін пайдасы ұшан-теңіз. Мысалы, ғалымдар намаздың жалпы адамға келтіретін 12 мыңнан астам пайдасы бар екендігін анықтаған. Сол сияқты зекеттің де беруші үшін де, алушы үшін де, жалпы қоғам үшін де пайдасын айтып тауысу мүмкін емес.

Десек те, оның кейбір пайдаларына тоқталсақ. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Зекет – Исламның көпірі», деп атап өткеніндей, зекет – адамдар арасындағы теңдікті сақтап, бай мен кедей арасындағы қарым-қатынас пен бауырмалдықты күшейтеді. Осылайша, қоғамда әлеуметтік тепе-теңдік орнап, қоғам бақытты, сенімді ғұмыр кешеді және қоғамда орта таптың қалыптасуына ықпал жасалып, мемлекетті әлсіздіктен сақтайды.

Ал, зекетті берушіге қатысты пайдаларын айтсақ, зекет беру пенденің жүрегін жұмсартып, адамды сараңдықтан сақтап, жомарттыққа жетелейді. Оның шүкіршілігін арттырып, дүниесіне береке кіргізеді. Себебі, зекет беру – Алланың берген байлығына шүкіршіліктің белгісі. Ал, байлыққа шүкір ету тілмен жасалмайды. Яғни, байлық нығметінің шүкірі аузымызбен айтылатын «Аллаға шүкір» деген сөзбен шектелмейді.

Алла Тағала қасиетті Құранда:

«Егер шүкіршілік етсеңдер, нығметімді арттырамын» («Ибраһим» сүресі, 7-ші аят) деп сүйіншілесе, Алла елшісі (с.ғ.с) өзінің хадисінде «Малдарыңды зекет беру арқылы қорғаңдар», деп ескертеді.

Мұсылман адам Алладан байлық емес, зекет берушілерден ете гөр деп дұға етеді. Себебі, жоғарыда айтқанымыздай зекеті берілген малды Алла Тағала арттырады және оның сақталуына Өзі кепіл болады.

Яғни, бұл құлшылық мұсылмандарды жалқаулыққа емес, әрқашан тер төгіп, еңбек етуіне себепші болады. Ардақты пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Береген қол – алаған қолдан қайырлы», деген хадисі осы сөздерімізді қуаттайды.

Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының: «Біз басқадан кем болмас үшін, білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға – оқу керек, бай болуға – кәсіп керек, күшті болуға – бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», деген сөзі де осы айтқанымызбен үндесіп жатқандай.

Сондай-ақ Қабан жырау бабамыз:

Әй, мұсылман, жарандар,

Малыңнан  зекет беріңіз.

Бірлігін Хақтың біліңіз,

Хақ жолымен жүріңіз,

Пәк болады дініңіз,

 

деп жырлай келе:

Зекетсіз болса пайда жоқ,

Қасықтап жиған малыңыз,

деп бақуатты адамдарды сараңдықтан тиып, жомарттыққа үндеп, зекет беру арқылы халқына қамқор, еліне адал болуға шақырады. Яғни, зекет – байдың мейірімділігін, кедейдің құрметін тудыратын, сол арқылы қоғамда теңсіздікті жойып, әділеттікті орнататын, байларға жүктелген сауабы мол, мәні зор ғибадат. Олай болатын болса:

Ораза, намаз – басты амал,

Зекетпен тағы қаж сапар,

Әуелі Ислам сөз басын,

Кәлимамен бастамақ,

деп қазақтың қара өлеңінде айтылғандай, Алла Тағала баршамызға аузында кәлимасы, бойында дәреті, алдында намазы, ойында оразасы бар, шамасы келсе қажылыққа сапар шегетін, нәсіп болған мал-мүліктің зекетін беретін пенделерінің қатарында болуды нәсіп етсін!

 

Ринат Маратұлы,

Алматы облысы бойынша «Зекет және қайырымдылық» қорының өкілі