preloader

Мақалалар

Жақсы амалға жетелейтін – Мәуліт айы

Жақсы амалға жетелейтін – Мәуліт айы

Еліміз егемендік алып, Ислам діні өркен жайғалы мұсылмандар үшін ұлық болған діни мерекелер жоғары деңгейде атап өтілуде. Қасиетті айлардың, күндер мен түндердің маңыздылығын, сауапқа толы екендігін ұғынған пенде құлшылығын арттыратыны анық. Осындай қасиетті де сауабы мол айлардың бірі – Мәуліт айы. Мәуліт айын атап өтудің маңыздылығы – Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) асыл қасиеттерін, мінез-құлқын насихаттай отырып, халықтың бойына сіңіре білу. Дәстүр бойынша осы күнді атап өтудің тәрбиелік мәні өте зор. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 2025 жылды «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жариялады. Бұл атаудың Мәуліт айымен қандай қатысы бар деп ойлауыңыз мүмкін. Отбасы – адамның баға жетпес байлығы. Отбасының құндылығын ұғынған мұсылман адам оның қадір-қасиетіне жетіп, бағалай біледі.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ең жақсыларың – отбасына жақсы қарағандарың. Мен де отбасыма жақсы қарағандардың ең ізгісімін», – деп, отбасы мүшелеріне қамқорлық жасау мұсылманның басты қасиеттерінің бірі екенін ескертті. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) отбасына қамқорлығы, балаларына мейірімділігі, адалдығымен парасаттылығы, тәрбие-өнегесі – баға жетпес құндылық. Демек, Мәулітті тек дүниеге келген күн ретінде ғана емес, Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бойындағы асыл қасиеттерді насихаттап, жол көрсете білсек, мақсатымыздың орындалғаны. Алла тағаланың ең сүйікті пендесі, екі дүние сардары Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) – пенделерге жіберілген Хақ тағаланың рахымы. Адамдарға қараңғылықтан жарыққа шығар жолды көрсетіп, дінді жайып, тура жолды нұсқап, Қасиетті Құран сөздерін жеткізуші Елшінің келуін барша адамзат зарыға күткені белгілі. Оның (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көркем мінезі мен жүріп өткен жолы – барлық адам баласына үлгі. Алла тағаланың сүйікті құлы ретінде ғұмыр кешіп, ақыретіне азық жинағысы келген пенде үшін одан асқан үлгі болмақ емес. Осы себепті де адамзаттың ардақтысы дүниеге келген ай ерекше бағаланады.

Осы айдағы орын алатын сауапты істер, айтылған насихаттар, оқылған мәуліт жырлары Алла Елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жақынырақ тануға да септігін тигізеді. Осы айда жасалатын ізгі амалдар – дінді көркем түрде насихаттаудың керемет үлгісі, жас ұрпақты имандылыққа, жақсы мінез-құлыққа, адамгершілікке шақыратын орайлы бір сәт, рухани мереке.

Мәуліт айының құрметіне еліміздің түкпір-түкпіріндегі мешіттер ұйымдастыратын рухани шаралар, таратылған садақа, жасалған қайырымдылық, берілген ас, қойылған мәнді қойылым, айтылған уағыз – жас ұрпақтың бойына имандылық дәнін егері сөзсіз. Осы айдың тағы бір ерекшелігі – Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айту арқылы сауапқа кенелу.

Бір күні Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жүзінен қуаныштың белгісі байқалады. Сол сәтте сахабалары: «Уа, Алланың Елшісі! Жүзіңізден қуаныш байқап тұрмыз», – дейді. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Маған періште келіп: “Уа, Мұхаммед! Раббың: “Үмбетіңнен саған біреу бір мәрте салауат айтса, Мен оған он салауат айтамын. Үмбетіңнен саған біреу бір мәрте сәлем жолдаса, Мен оған он сәлем жолдаймын. Осыған разы боласың ба?” – деді”. Мен: “Әрине, разы боламын”, – деп жауап бердім», – деген. Салауат айтқан адам өзіне жақсылық жасағанмен тең. Себебі біз салауат айту арқылы Алланың бізге салауат айтуына, күнәларымыздың кешірілуіне, дәрежеміздің он есе көтерілуіне себепші боламыз.

Дүниені нұрға толтырған, Алла Тағала мейірім-рахымын молынан жаудырған осы тарихи, рухани айда барынша көп салауат айтуға тырысайық. Сансыз салауаттар айту арқылы сауапқа кенеліп, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтып кеткен өсиеті мен хадистерін санамызда жаңғыртып, Адамзаттың асыл тәжінің шапағатына ие болуға ұмтылайық.

Қаби Ринат Маратұлы
Талғар ауданының бас имамы