ЖИДЕБАЙДА ТҮЙГЕН ОЙ…
Шәкәрім Құдайбердіұлы 1858 жылдың шілде айында Шыңғыстауда, Байқошқар өзенінің бойындағы Кеңбұлақ деген жерде дүниеге келген. Әкесі Құдайберді Құнанбайдың бәйбішесі — Найман Ағанас бидің қызы
Күңкеден туған жалғыз ұлы. Құдайберді жас кезінен атасы Өскенбай мен әжесі Зеренің тәрбиесінде болды, арабша сауат ашады. Мінезі орнықты, сабырлы Құдайберді өзі старшындық еткен екі рулы елдің, жағдайларын жасайды.
Жас кезінен өкпе ауруына шалдыққан Құдайберді 37 жасында дүниеден озады. Әкеден жеті жасында қалған Шәкәрім бұдан былайғы кезде Абайдың тікелей тәрбиесінде болады. Өскен ортасының бай дәстүрлері мен Абай ағасының тәрбиесі табиғатынан зерек Шәкәрімнің жетімдік көрмей өсуіне ғана емес, оның талантты ақын, парасатты ой иесі болуына да ықпал жасады.
Шәкәрімнің өзі кейіннен былай деп жазды:
«Әкеміздің бір шешесінен туған Ибраһим мырза, қазақ ішінде Абай деп атайды. Сол кісі мұсылманша һәм орысша ғылымға жүйрік һәм Алланың берген ақылы да бұл қазақтан бөлек дана кісі еді. Ержеткен соң сол кісіден тағылым алып, әр түрлі кітабын оқып, насихатын тыңдап, аз ғана ғылымның сәулесін сездім».
Арнайы оқу орнынан білім алмаса да, өз бетінше ізденіп және Абай ағасының жетекшілігімен жан сарайын байытқан Құдайбердіұлы заманында қазақ арасындағы аса білімді адамдардың бірі болды. Араб, парсы, түрік, орыс тілдерін жетік білді. Ол адамдар өмірін жақсартуға тырысқан ғалымдарды мысалға келтіреді.
Бірнеше өлең — жырларында боямалы жасанды мінез бен жағымсыз қылықты сынға алды. Адамгершілік, ақ жолға, өнер — білімге үндейді. 1905 жылы Шәкәрім қажылық сапарын жасады. Меккеге барған сапарын пайдаланып, ақын өзінің байырғы арманын орындайды. Стамбул, Париж кітапханаларынан туған халқының тарихы жазылған кітаптарды оқиды. Осылай жинаған материалдар негізінде, «Түрік, қырғыз, қазақ һәм
хандар шежіресі» кітабын, қисындарын халық мүддесіне түсіндіру мақсатымен «Мұсылмандық шарты» — деген еңбек жазды (1911). Бұл тұста ақынның діншілдігі танылады. Ол дін бұзушыларды қатты сынға алады.
Шәкәрімнің дүние танымының негізгі ерекшелігі дін және руханилық мәселесін қарастыру мен өзіндік рухани — құндылықтық категориялардың жүйесін ұсыну болды. Ойшылдың рухани ізденістері бүгінгі күннің
талаптары тұрғысынан қарағанда да құндылығы мол рухани дүние. Рухани ұстаз Абай және замандастары сияқты Шәкәрім шығармаларында толығымен адам мен діннің ақ жолын қоғамдық дамудың рухани негізі
ретінде ұсынады.
Шәкәрім өз ұлтын бар болмысымен сүйген ұлтшыл, өршіл, ойшыл. Ол елінің болашағын, халықтың иманын ойлап, тұңғиық терең рухани мұра қалдырды. Алаштың абзалы Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің тағылым тұнған туындыларында Алланың ақ жолын барынша насихаттап, ұлтымыздың әділет ұранына айналдырды. Ол өзінің бай мұраларында қасиетті Құранның, Пайғамбарымыздың (оған Аллаың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерін баяндай отырып, ұрпақты қазақтың ата танымынан, тарих тамырынан ажырамауға шақырады.
Осы жылдың көктем айында Семей жеріне жол түсті. Үйден шығарда ойға алған жоспарым дана Абай мен абыз Шәкәрім жатқан жер — Жидебайға бару болды. Көлігіміз Жидебайды бетке алып келеді. Алыстан мен мұндалаған ақшаңқан алып кешен ағалы — інілі ойшылдардың сырын ішіне бүккен қыр басына орналасыпты.
Бойыңызды ғаламат сезім билейді. Бұл жердің топырағын Абай мен Шәкәрім басқан деген сыбырды қыр басынан ескен желден естігендей, сол тылсым әлемге кіріп кеткендей күй кешесіз. Алып кешеннің екі басына орналасқан қос мұнара — бейіт қос абыздың артында қалған мол мұрасының өлмейтін өміршеңдігін паш етіп тұрғандай. Дара табиғаттың дана ұлдары ұмытылмақ емес, ұрпақ ешқашан ұмытпақ емес!
«Алаш Арыстары» мешітінің имамы
Исабаев Руслан Амангелдіұлы