preloader

Мақалалар

Жүрек және оның түрлері

Жүрек және оның түрлері

Алла Тағала – адам баласын таңғажайып әрі үйлесімді бейнеде жаратқан. Адам ағзасының патшасы ол — жүрек. Алла Тағала адам баласының иманды яки имансыз болуының, таза яки күнәһар болуының басты себебін адам баласының жүрегіне байланысты екендігіне назар аудартады. Исламда рухани дерт десек, жүректің тікелей (инфаркт және т.б.) мағынадағы аурулары емес, керісінше ауыспалы мағынадағы дерттер айтылады. Жүрек – иманның орны. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Ақиқатында, адам денесінде кесек ет бар, ол жақсы болса, бүкіл дене дұрыс болады. Ал егер ол бұзылса, бүкіл дене бұзылады, ол әрине – жүрек қой», — деген [1]. Демек, жүрек – қалған ағзалардың дұрыс не бұрыс болуына тікелей фактор.

Жүрек рухани тұрғыдан қарай сау жүрек, дертке шалдыққан жүрек, өлі жүрек, мойынсұнған жүрек деп бөлінеді. Әрбіріне жеке-жеке тоқталсақ:

1. Сау жүрек – Аллаға ықыласты әрі түрлі рухани дертерден ада болған жүрек. Бұл – адамның Қияметте құтылуына себепкер болатын жүрек. Алла Тағала: «Ол – мал-мүлік те, бала-шаға да титтей пайда бермейтін күн. Ол күні Аллаға пәк һәм (рухани) кеселдерден ада жүрекпен келген жан ғана (азаптан құтылып, мақсатына жетеді)» [2].

2. Дертке шалдыққан жүрек – мұнафиқ адамдардың жүрегі. «Жүректерінде (түбіне жетпей қоймайтын рухани) дерт бар. Алла олардың дертіне дерт қосуда»[3].

3. Өлі жүрек – Алла Тағаланың ескертулеріне құлақ аспайтын көкірек көздері көр болғандықтан ақиқаты көре алмайтын жүрек түрі. Осы жүректі – Құранда «мөр басылған жүрек» деп те атайды. «Ал күпірлікте қасарысқандар болса, (әлбетте, сен оларға күндіз-түні ескертудесің, алайда) оларды ескерттің не, ескертпедің не бәрібір, олар иман келтірмейді. Алла олардың жүрегін мөрлеп тастаған, құлақтарын да. ал көздерінде перде бар және оларға (о дүниеде де) бітпейтін зор азап бар»[4]. Басқа бір аятта: «Олардың жүрегі бар, алайда онымен терең ойланбайды, ақиқатты түсінейік демейді» [5] деп келеді.

4. Мойынсұнған жүрек – әрдайым Аллаға бет бұрып, тәубеге асық болатын жүрек түрі. Ол жайлы: «Көрмесе де Рахманға бар ықыласымен тағзым етіп, Одан шын именген һәм үнемі Аллаға бет алған һәм мойынсұнған жүрекпен келген әрбір жанға (бұйырады)»[6].

Хакім Абай атамыз он жетінші қара сөзінде: «Қайрат , ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп, ғылымға жүгініпті» деп бастап, соңында осы үшеуінің таласына ғылымның жауабын былай деп келтіреді: «Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, Құдай тағала әрдайым қалпыңа қарайды деп кітаптың айтқаны осы». Демек, жүрек Алланың назары түсетін мекен. Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Расында Алла тағала сендердің бейнелеріне мен дүниелеріңе назар салмайды, алайда жүректерің мен амалдарыңа назар аударады» деп айтады.

Алла Тағала бойымызды барлық жаман сипаттардан ада етіп, жүректерімізді иман нұрымен нұрландырғай. Әмин!

[1]  «Сахих Мүслим» хадистер жинағы

[2] «Шұғара» сүресі, 88-89 аят.

[3] «Бақара» сүресі, 10-аят.

[4] «Бақара» сүресі, 6-7 аят.

[5] «Ағраф» сүресі, 179-аят.

[6] «Қаф» сүресі, 33-аят.

Нұрғали Ерланұлы,

Қарасай ауданы, Жандосов ауылдық «Орымбет» мешітінің наиб имамы