2025 ЖЫЛҒЫ ҚҰРБАН АЙТ: УАҚЫТЫ, РӘСІМДЕРІ ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫ
Құрбан айт – мұсылман қауымы үшін рухани маңызы зор, мейірімділік пен бауырмалдықты насихаттайтын қасиетті мереке. Бұл күн тек діни мейрам ғана емес, адамдар арасындағы жанашырлық пен ынтымақты нығайтатын ерекше құндылық.
Алматы облыстық коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен баспасөз мәслихатында бірнеше сала өкілдері – Алматы облысы ПД ЖПҚБ ерекше тапсырмалар жөніндегі инспекторы, полиция подполковнигі Сағи Нұрмаханов, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Алматы облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Ажар Бекболаева, Алматы облысының бас имамы Мадияр Пірімқұлов және облыстық Дін істері басқармасының бас маманы Ерлан Матаев – Құрбан айт мерекесіне дайындық барысын баяндады.
2025 жылы Құрбан айт уақыты:
5 маусым – Арапа күні
6 маусым – Құрбан айттың бірінші күні
Құрбан шалудың уақыты 6 маусымда айт намазынан кейін басталып, 8 маусымдағы шам намазына дейін жалғасады. Айт намазы Алматы облысы бойынша таңғы сағат 06:00-де оқылады. Басқа өңірлердегі нақты уақытты muftyat.kz сайтынан көруге болады.
Құрбандық шалу офлайн және онлайн форматтарда ұйымдастырылады. Онлайн құрбан шалуға арналған арнайы платформа – qurban.muftyat.kz – іске қосылды.
Қауіпсіздік пен гигиена талаптары:
ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті тарапынан 2025 жылғы 6–8 маусым аралығында Алматы облысы бойынша 25 мал сою орны бекітілді. Бұл орындарда санитариялық және ветеринариялық талаптар қатаң сақталады.
Мерекенің басты мақсаты – рухани тазару мен қайырымдылықты арттыру. Құрбан айтта әрбір мұсылманның қоғамға үлес қосып, мұқтаж жандарға қол ұшын беруі – үлкен сауап.



