preloader

Жаңалықтар

Абай өлеңіндегі – ихсан

Абай өлеңіндегі – ихсан

Хакім Абайдың «Әсемпаз болма әр неге» деген өлеңінің алғашқы бір шумағы бүгінгі қоғамды жайлаған рухани індеттің алдын ала жасалып қойған емі іспетті. Қалайша дейсіз ғой? Ендеше, талдап көрелік.
«Әсемпаз болма әр неге». «Әсем» деген сын есім көбінесе сыртқы келбеттің әдемілігін, көріктілігін білдіреді. Хакім Абай бұл турасында: «Адам баласына кірсіз, сыпайы киініп, һәм ол киімін былғап, былжыратып кимей, таза кимек – дұрыс іс. Ләкин өз дәулетінен артық киінбек, не киімі артық болмаса да көңіліне қуат тұтып, тым айналдырмақ – кербездің ісі» (Он сегізінші сөз), – дейді. Демек, әркім өзінің шама-шарқына қарай дүние игілігін пайдалану әбестік емес. Ал әсемдікке бой ұрып, шектен тыс құмар болу менмендікке, тәкаппарлыққа душар етері хақ. Сондықтан да дана халқымыз: «Әсем болсаң аспаққа асыларсың, бәсең болсаң бәйгіге қосыларсың» деп, кереметтей түйіндеген.
Өкініштісі сол, қазіргі таңда адамдар ішер ас, киер киім, үй, көлік, телефон сынды тұрмыс қажеттілігімен мақтанып, өзара бәсекелесуді мақсат етті. Міне, бұл – руханияттың жұтаңдығы. Бұндай тыраштануды Хакім Абай: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Одан басқа нәрсемен оздым ғой дегеннің бәрі де – ақымақтық» (Он сегізінші сөз), – деп түсіндіреді.
Алланың берген дүниелік нығметтерін лайықты түрде игіліктену – шариғатта құпталған іс. Алайда бұл жалғандағы адам баласының мұрат-мақсаты емес екендігін қаперден шығармауымыз керек. Бұл турасында ардақты Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болғай!): «Расында Алла Тағала сендердің бейнелерің мен дүниелеріңе назар аудармайды, алайда жүректерің мен амалдарыңа назар аударады» (Мүслим), – деген.
«Өнерпаз болсаң, арқалан» дегенге келер болсақ, өнер – адамды өрге сүйрейтін, рухани құндылықтың қайнар көзі, материалдық байлықтың кілті, өркениеттің өзегі. Сол себепті көнелерден: «Өнерлінің қолы – алтын, өлеңшінің сөзі – алтын», «Өнерлі өрге жүзеді», «Жігітке жетпіс өнер де аз» деген сүбелі сөз қалған. Өнер табандылықты, сезімталдықты, қажырлылықты қажет етеді. Жалықпай үйреніп, бір өнердің білгірі болған адам өзгеге көз сүзбейді, алақан жаймайды. Жалқауланып, біреуге масыл да болмайды. Өз жағдайын қамтамасыз етіп, өмірге жарқын көзқараспен қарайды. Тіпті дұшпанның зарарынан, табиғи апаттардан, ауру-сырқаудан сақтану, емделу сынды адамзатқа кем болса болмайтын қажеттілікті қанағаттандыруда да өнердің ісі бар. Олай болса, өнер иелері ең кемінде жыртыққа жамау, жетпегенге жалғау болатын, олқыны толтыратын, кемді көбейтетін, қалай болса да жарамсыз боп қалмайтын қасиетке ие.
Сондықтан да Хакім Абай «өнерпаз болсаң, арқалан» деу арқылы өнер иелерін қадамы нық, өзіне сенімді, өмірге құштар тұлға деп бағалайды. Сонымен қатар қоғамның бір қажетіне жарау тұрғысынан бейне кетікке қаланған кірпіш іспетті болуға шақырады.
Кірпіш демекші, Абайдың: «Сен де бір кірпіш дүниеге» деуінің мәні тым тереңде жатса керек. Өйткені ардақты Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болғай!): «Менің және менен бұрынғы пайғамбарлардың мысалы мынадай: бір адам бір әсем ғимарат тұрғызды. Ол үйді өте әдемі, көркем етіп салып шықты. Тек ол ғимараттың бір бұрышында бір ғана кірпіштің орны бос қалды. Адамдар сол үйді айналып қарап, ол үйдің көркемдігіне таңғалып: «Шіркін, мына олқы тұрған кірпіш қойылса, бәрі толық болар еді ғой!» – дейді. Міне, мен сол қаланбаған кірпішпін, мен – Пайғамбарлардың соңғы мөрімін» (Имам Бұхари), – деген.
Ендеше, Хакім Абай: «Кемел адам болғың келсе, күллі әлемге рахмет үшін жіберілген ақ Пайғамбарға шынайы еліктеп, сара жолына тіс-тырнағыңмен жабыс», – дегенді алға тартады. Яғни Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болғай!) жер бетіне жіберілген елшілердің мақсат-мұратын толық кемелдендірген болса, сен де сол Пайғамбарды үлгі тұта отырып, қоғамдағы қажет болған олқылықтың орнын толтыра білуің немесе өмірдегі орныңды таба білуің – адамдық борышыңды ақтағаның дегенді меңзеп тұр.

Қызырғазы Мәлікұлы
Қарасай ауданы Үштерек ауылдық мешітінің имамы