АЛАТАУ ҚАЛАСЫ: УАҒЫЗ АЙТУДЫҢ ӘДЕБІ ЖАЙЛЫ СЕМИНАР ӨТТІ
Алатау қаласының имамдары уағыз айтудың әдебі мен мәдениеті жөнінде өткен семинарға қатысты.
Жиында Алматы облысы Уағыз-насихат бөлімінің жауапты имамы Ербол Серікбайұлы дін қызметкерлеріне насихат жасаудың жолдарын, оның әдептері мен уағыз айтудың түрлері және басқа жағдаяттарын түсіндіріп өтті. Ербол Серікбайұлы семинар қатысушыларына уағыз айтушыға қойылатын талаптар мен уағызшының бойынан табылуы қажет қасиеттер жайлы, атап айтқанда, бірінші кезекте терең білім иесі болу, шынайы ықылас-ниет, сөз бен амалдың сәйкес келуі сынды бірқатар маңызды мәселелерге тоқтала келе, сөз саптаудың ережелері, тыңдармандарды жалықтырып алмау, уағыз-насихаттарымызда аят-хадистермен қатар, даналық сөздер, қазақ халқының мақал-мәтелдері мен ақын-жырауларымыздың орамды ойларын және көрнекті мысалдарды қозғалудың да маңыздығы туралы сөз етті.
Уағыз айту – адамдарға дінді жеткізудің бір жолы. Уағызды көпшілікке жеткізу үшін имамның айтатын насихаты жан-жақты, тақырыптан ауытқымай әрі терең мазмұнды әрі шешендік өнермен түсінікті етіп айтылуы керек. Уағыз айту үлгісін жоғары дәрежеде орындау – мұсылман үмбетінің сауаттылығын арттыруға, жан-жақты тұлға, әрі отаншыл азамат болып қалыптасуына, дінаралық бірлік пен татулыққа ықпал ету арқылы мемлекет іргесінің бүтіндігіне қызмет етуге үлес қосады.



