preloader

Жаңалықтар

АЛАТАУ ҚАЛАСЫ: “УАҒЫЗ АЙТУДЫҢ ӘДЕБІ МЕН МӘДЕНИЕТІ” АТТЫ ІС-ШАРА ӨТТІ

АЛАТАУ ҚАЛАСЫ: “УАҒЫЗ АЙТУДЫҢ ӘДЕБІ МЕН МӘДЕНИЕТІ” АТТЫ ІС-ШАРА ӨТТІ

Алатау қаласында имандылық пен руханияттың алтын арқауын ардақтаған тағылымды семинар өтті. «Уағыз айтудың әдебі мен мәдениеті» атты бұл маңызды басқосу өңірдегі рухани сала қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға бағытталды.

Семинар тізгінін Ихсан және насихат бағытының Алматы облысындағы жауапты маманы Ербол Серікбайұлы ұстады. Ол имамдықтың ішкі рухани тереңдігіне, уағызшының жүріс-тұрысынан бастап сөз саптауы мен мәнеріне дейін тереңінен тоқталды. Сөз – тек айтылатын құрал емес, ол жүректен шығып, жүрекке жетуі тиіс рухани көпір екенін атап өтті. Сондықтан да әрбір уағыз – шындықтың, мейірім мен даналықтың үні болуы шарт.

Шара барысында діни насихаттың бүгінгі заман талабына сай құрылуы, тыңдаушының рухани сұранысын дөп басуы, сөйлеу мәдениеті мен шешендік шеберлік жайлы кеңінен айтылды. Ербол Серікбайұлы «Уағыз – халықпен рухани үндесудің ең нәзік сәті, сондықтан онда көркемдік пен кісілік, парасат пен пайым қатар жүруі тиіс», – деген пайымды ойларымен бөлісті.

Жиналған имамдар өзара тәжірибе алмасып, дін насихаты жолындағы өзекті мәселелерді бірге талқылады. Семинар соңында қатысушылар көкейлеріндегі сұрақтарына тұшымды жауап алып, ой түйді.

Асыл дінімізді асқақтатар, руханияттың шамын сөндірмей, жарқырата түсетін осындай ізгі жиындар – рухани жауапкершіліктің жаршысы. Бұл жолы да жүрекке жеткен сөз – сананы оятты, рухты биіктетті. Алда әлі талай терең мазмұнды кездесулердің көкжиегі көрініп тұр.