preloader

Жаңалықтар

Алатау қаласында Құрбан айт мерекесіне орай қайырымдылық шарасы өтті.

Алатау қаласында Құрбан айт мерекесіне орай қайырымдылық шарасы өтті.

Алатау қалалық “Қожа Ахмет Ясауи” мешітінде Құрбан айт мерекесіне орай әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға арналған қайырымдылық іс-шарасы өтті. Шара аясында 30-ға жуық көпбалалы, жалғызбасты және мүмкіндігі шектеулі азаматтар тұратын отбасыларға азық-түлік түрінде көмек көрсетілді.

Іс-шараны Алатау қаласының бас имамы Қуаныш Жұмаханұлы ашып, қатысушыларға Құрбан айт мерекесінің мәні мен маңызы жөнінде тағылымды уағыз айтып, игі іске атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді. Бас имам шараны ұйымдастыруға үлес қосқан Азат мырзаға арнайы ризашылығын жеткізді.

Шараға Алатау қалалық Отбасын қолдау орталығы КММ қызметкерлері де қатысып, әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыларға көмек көрсету ісіне өз үлестерін қосты. Азық-түлік пакеттері Алатау қаласы, Жетіген, Қоянқұс, Дәулет шағынаудандары мен саяжай аумағында тұратын отбасыларға таратылды.

Азық-түлік себеттеріне келесі тауарлар енгізілді:

• Макарон – 10 кг

• Күріш – 5 кг

• Қарақұмық (гречка) – 5 кг

• Қант – 5 кг

• Сұйық май – 4,7 литр

• Bayan Sulu конфеттері – 1 кг

• Madina печеньесі – 1,6 кг

• Assam шайы – 0,5 кг

Қайырымдылық шарасында көпбалалы ана Мәншүк Шайғазиевна да сөз сөйлеп, ұйымдастырушыларға жүрекжарды алғысын жеткізді:

“Осындай қасиетті күні бізге азық-түлікпен көмек көрсетіп, шынайы жанашырлық танытып жатқан сіздерге алғысым шексіз. Бұл — біз үшін тек материалдық көмек емес, рухани демеу. Қиын сәттерде ескеріп, қамқорлық таныту – нағыз мұсылмандықтың үлгісі. Баршаңызға амандық, істеріңізге береке тілеймін,” – деді ол.

Сонымен қатар, Құрбан айттың құрметіне Алатау қаласының мешіттері арқылы 124 отбасыға құрбандық еті таратылды.

Іс-шара соңында ел ағасы Рахымбаев Ережепхан ақсақал дұға жасап, бата берді.