Алланың 99 көркем есімін жатқа айтудан жарыс өтті
Алматы облысы Іле ауданына қарасты КазЦик ауылындағы «Әділхан» мешітінің ұйымдастыруымен жамағат арасында «Алланың 99 көркем есімін жатқа және қазақша мағынасымен оқу» сайысы өтті.
Шара қасиетті Құран аяттарын оқумен басталды. Алдымен Алматы облысының бірінші наиб имамы Дәуренбек Жандосұлы «Алланың 99 көркем есімі» жайында аят-хадистерге тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Осыдан кейін Іле ауданының бас имамы Дархан Аманұлы қатысушыларға сайыстың шарттарын түсіндіріп берді.
Алматы облысының бірінші наиб имамы Дәуренбек Жандосұлы, облыстық орталық «Қапшағай» мешітінің наиб имамы Бағылан Болатбекұлы және аудан бас имамы Дархан Аманұлы қатысушыларға төрелік етті. Жалпы Іле ауданына қарасты 30 ауылдан 67 үміткер қатысты.
Жарыс нәтижесі бойынша І орынды Междуреченск ауылдық мешітінің шәкірті Құрбанбай Иманғали Ұмра қажылығына жолдамаға ие болды. ІІ орынға КазЦик ауылы «Әділхан» мешітінің шәкірті Кәрім Нұрсұлтан (200 000 тг) қол жеткізсе, ІІІ орынды Ақши ауылдық мешітінің шәкірті Жұмабек Бейбарыс (100 000 тг) қанағат тұтты. Бұдан бөлек 15 қатысушыға 20 000 теңгеден ынталандыру сыйлығы берілді.
Іс-шара соңында қатысушылар мен мешіт жамағаты үшін ақ дастарқан жайылды.