АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КЕҢЕСШІСІ М.Н. ОТАРБАЕВПЕН МАҢЫЗДЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Алматы облысына арнайы іссапармен келген Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы Отарбаев өңірдің дін қызметкерлерімен кездесу өткізді. Жиынға облыстың тәжірибелі теологтары мен имамдары қатысты.
Кездесу барысында Мәлік Нұржанұлы Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай отырысында көтерілген бастамалар мен қойылған міндеттерді жеткізіп, олардың мән-маңызын терең талдап өтті. Ол қазіргі заманғы рухани қауіпсіздік пен ұлттық бірегейлікті сақтау жолында діни қызметкерлердің рөлі орасан екенін атап өтті.
Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы сөз алып, Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының ел бірлігі мен рухани тұрақтылықты нығайтудағы қызметіне кеңінен тоқталды. Ол:
«Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы – бұл имандылықтың темірқазығы, бірліктің діңгегі. Ол – ғасырлар бойы ұлт руханиятымен біте қайнасқан ислам дінінің қазіргі замандағы жарық жұлдызы», – деп атап өтті.
Мәлік Нұржанұлы өңірдегі имамдардың қоғамдық келісімді нығайту мен діни ағартушылық бағытында атқарып жатқан еңбектеріне жоғары баға берді. Ол дін қызметкерлерінің халықпен тығыз байланысы мен ел ішіндегі татулықты сақтау жолындағы табанды еңбегін ерекше құрметпен атап өтті.
Кездесу өзара пікір алмасу мен болашақтағы бірлескен бастамаларды талқылаумен түйінделді. Бұл жүздесу дін мен мемлекет арасындағы сындарлы байланыстың айқын көрінісі болды.



