Алматы облысы имамдарына арналған 5 күндік семинар өз мәресіне жетті
Алматы облысы дін істері басқармасы және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Алматы облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен «Дін саласындағы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүзеге асырудағы діни қызметкерлердің ықпалы» атты өңіріміздің имамдарына арналған семинар өз жұмысын аяқтады.
5 күн бойы Қонаев қаласы, Балқаш, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Кеген, Қарасай, Райымбек, Талғар, Ұйғыр және Іле аудандарынан келген 103 дін қызметкеріне Қайрат Құрманбаев, Түсіпхан Имаммәди, Алау Әділбаев, Тимур Нүсіпхан және өзге де білікті мамандар дәріс оқыды.
Курс соңында Алматы облысының наиб имамы, өңіріміз бойынша діни ағарту бағытына жауапты маман Сәкен Еншібайұлы, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті жанындағы Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл академиясының директоры, теолог Тимур Нүсіпхан және «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы» КММ-нің директоры Жандос Анарбекұлы имамдарға семинарды тәмәмдағанын куәландыратын сертификаттарды табыстай отырып, оларды алдағы уақытта да білімдерін шыңдауға шақырды.
Өз кезегінде білімдерін шыңдаған дін қызметкерлері іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді.