АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ МЕШІТТЕРІ ЖЫЛДЫҚ ЕСЕП БЕРДІ
Қонаев қаласында Алматы облысына қарасты мешіттердің жылдық қорытынды есеп жиналысы өтті. Маңызды жиынға облыс көлеміндегі 9 аудан және 1 қала өкілдері қатысып, бір жыл бойы атқарылған жұмыстар бойынша есеп тапсырды.
Жиналыс барысында Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы аудан имамдары мен жауапты мамандардың жылдық баяндамаларын тыңдап, мешіттердің қызметі төрт негізгі бағыт бойынша сараланды. Сондай-ақ, әр бағытқа жауапты мамандар өз салаларына қатысты атқарылған жұмыстардың нәтижесін баяндады. Аудан имамдары өз өңірлерінде жүргізілген діни-ағартушылық, қайырымдылық, рухани және ұйымдастырушылық іс-шаралар туралы кеңінен мәлімет беріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Жиын соңында облыс бас имамы шалғай аудандарда қызмет етіп жүрген имамдардың еңбегін жоғары бағалап, олардың қызметке деген ынтасын арттыру мақсатында қаржылай марапаттар табыстады. Атап айтқанда, Алатау қаласы, Ұйғыр ауданы, Райымбек ауданының имамдарына, сондай-ақ облыстық наиб имам Ақжол имамға 100 000 (жүз мың) теңге көлемінде ақшалай сыйақы берілді. Сонымен қатар, Кеген ауданының бас имамы Әзім Сатыбалдыға және “Уақып” қорының жауапты маманы Имамберлиев Нұртайға умра қажылығы сыйға тартылды. Жиын барысында облыстың әйел-қыздар секторының жетекшісі Назерке Әкішқызына, сондай-ақ Қонаев қаласының әйел-қыздар секторының жауапты ұстазы Гүлмира Рымханқызына да ақшалай марапаттар табысталды.



