Алматы облысына Бас мүфти кеңесшісінің сапары
Алматы облысы, Қарасай ауданы, Қарасай батыр мешітінде Республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі, Бас мүфти кеңесшісі Смайыл Сүйерқұлұлы Сейтбековтың қатысуымен имамдардың білімін арттыруға арналған семинар өтті.
Жиынды Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Семинар барысында Смайыл Сүйерқұлұлы Сейтбеков Бас мүфтидің сәлемін жеткізіп, Ислам тарихындағы әділетті төрт халифа – Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әли (р.а.) жайында кең көлемді дәріс оқыды. Әрқайсысының дүниеге келуі, өмір жолы, дүниеден өткен уақыттары, отбасы, сондай-ақ басқару кезеңіндегі саяси оқиғалары жан-жақты баяндалды.
Сонымен қатар Пайғамбарымыз ﷺ-нан кейінгі мұсылман қоғамының жағдайы, Фатима анамыздың өмірі мен оның ұрпақтары, Умауи мен Хашим әулеттерінің тарихтағы орны туралы тың деректер келтірілді. Бұған қоса, Мекке қаласының азат етілу оқиғасы нақты тарихи деректер негізінде түсіндірілді.
Семинар соңында сұрақ-жауап кезеңі өтіп, имамдар көкейлеріндегі сұрақтарына толыққанды жауап алды.
Бұл шара имамдардың діни білімін жетілдіріп қана қоймай, тарихи сананы жаңғыртып, ел арасындағы ағартушылық жұмыстарына серпін берді.




