preloader

Жаңалықтар

Алматы облысында 200 отбасыға «Рамазан сыйы» табысталды

Алматы облысында 200 отбасыға «Рамазан сыйы» табысталды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай 35 мың отбасыға көмек көрсетуді мақсат еткен «Рамазан сыйы» қайырымдылық марафоны бастау алды. Осы ауқымды республикалық акция аясында Алматы облысы бойынша 200 отбасыға азық-түлік қоржындары таратылды. Шара облыс бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлының үйлестіруімен жүзеге асты. Қасиетті Рамазан айында ұйымдастырылған бұл қайырымдылық шарасы – ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған игі бастамалардың бірі. Азық-түлік ретіндегі сый әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған және мұқтаж отбасыларға жеткізілді.

«Рамазан сыйы» акциясы қоғамдағы мейірімділік пен өзара жанашырлықты арттыруға бағытталған. Шара барысында облыстың бас имамы  жиналған қауымды қасиетті Рамазан айының келуімен құттықтап, қайырымдылық бағытындағы игі бастамалар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатынын жеткізді. Сонымен қатар, жамағатты ізгі амалдарда белсенді болуға үндеп, әлеуметтік тұрғыда осал жандарға жанашырлық танытып, қолдау көрсетуге шақырды.