АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА «ИСЛАМ ЖӘНЕ ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ» ЖЫЛЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Алматы облысында жылдың қорытындысы ретінде «Ислам және отбасы құндылығы» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Аталған жиында ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы баяндама жасап, исламдағы отбасы институтының маңызы, ұлттық тәрбие мен дәстүр сабақтастығы, сондай-ақ қазіргі қоғамдағы өзекті отбасылық мәселелерге кеңінен тоқталды.
Конференция жұмысына Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ пленарлық отырыста ҚМДБ Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, жазушы-публицист Марат Тоқашбаев, қоғам қайраткері Асылы Осман, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы Қансейіт Әбдезұлы, ҚМДБ Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры Төрәлі Қыдыр, Алматы облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Қазыбек Дауталиев, исламтанушы Шамшат Әділбаева және педагог-тренер Саят Ибраимов баяндама жасап, отбасы құндылығына қатысты өзекті ой-пікірлерін ортаға салды.
Айта кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2025 жылды «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жариялап, осы бағытта бірқатар жүйелі шараларды жүзеге асырды.
Жиын барысында ата-ана тәрбиесі, үлкенге құрмет, бата дәстүрі, ата-әже тәрбиесінің маңызы, сондай-ақ ер мен әйелдің отбасындағы жауапкершілігі кеңінен қозғалып, қазіргі қоғамдағы ажырасудың алдын алу мәселелері талқыланды.
Жиын соңында Бас мүфти отбасы құндылықтарын сақтау әрбір мұсылманның жауапкершілігі екенін атап өтіп, шаңырақтың берекесі өзара сыйластық пен мейірімге негізделуі тиіс екенін жеткізді.



