АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ БАС ИМАМЫ МАРАПАТТАЛДЫ
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы аясында ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосқан азаматтар марапатқа ие болуда. Осыған орай, Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 сәуірдегі Жарлығы негізінде, жалпыұлттық бірлікті, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі еңбегі үшін Алматы облысының бас имамы Пірімқұлов Мадияр Тағайбайұлы ерекше марапатқа ие болды.
Алматы облысының әкімі аталған Жарлықты басшылыққа ала отырып, бас имамның ел ішіндегі татулықты сақтаудағы, дін мен дәстүр үндестігін насихаттаудағы, түрлі этнос өкілдерімен рухани сабақтастық орнатудағы еңбегін ерекше атап өтіп, марапатты салтанатты түрде табыстады.
Пірімқұлов Мадияр Тағайбайұлы – облыс халқының рухани бірлігін, имандылықты, ынтымақ пен келісімді ту етіп көтеріп келе жатқан дін қызметкері. Ол әрдайым дәстүрлі ислам құндылықтарын дәріптей отырып, түрлі этнос пен дін өкілдерінің өзара түсіністігін нығайту жолында аянбай қызмет етіп келеді.
Бұл марапат – тек жеке тұлғаның еңбегіне берілген баға ғана емес, сонымен қатар, еліміздегі конфессияаралық келісім мен діни тұрақтылықтың жемісі. Осындай құрметті марапаттар ел ішіндегі рухани бірлікті арттырып, ортақ құндылықтарға деген сенімді нығайта түседі.



