preloader

Жаңалықтар

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ БАС ИМАМЫ ҚАСИЕТТІ РАМАЗАН АЙЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ БАС ИМАМЫ ҚАСИЕТТІ РАМАЗАН АЙЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Құрметті Алматы облысының тұрғындары!

Сіздерді он екі айдың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын!

Биыл Рамазан айы Алланың қалауымен, 28 ақпанда күннің батуымен кіреді. Осы кеште өңірімізге қарасты мешіттерде алғашқы тарауық намазы оқылып, 1 наурыздың таңында мұсылмандар Алла Тағаланың өсиеті мен оның елшісі – Мұхаммед пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үлгісіне сүйене отырып, ішіп-жеуден, түрлі жаманшылық атаулыдан тыйылып, ауыз бекітеді.

Бұл құлшылықтың парыз екені туралы Құранның әл-Бақара сүресі 183-аятында: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Бәлкім, сол арқылы (асау нәпсіні тізгіздеп), күнә атаулыдан сақтанып, тақуалыққа жетерсіңдер», – деп айтылған.

Осы қасиетті айда Алла Тағаладан адамдарды тыйым салынған іс-әрекеттерді жасаудан сақтауға, шариғатымыздың барлық әмір-тыйымдарын орындауды және мүмкіндігінше ізгі һәм қайырымды амалдарды атқаруға күш-қуат беруді сұраймын.

Аштық пен шөлге төзіп, Алла разылығын алуды шынайы ниет еткен адамға берілетін сый мен құрмет ерекше болатынын ұмытпайық. Алла Тағала құдси хадисте: «Аузы берік адам ішіп-жеуін Мен үшін доғарды. Ораза – Мен және құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдеу себебінен шыққан ауыз иісі Мен үшін миск әтірінен де қайырлы», – деген.

Қасиетті айда жомарттық танытып, мұқтаж отбасыларға, жетімдерге, мүгедектерге, қарттарға бірге көмектесейік. Бұл – мезгіл мінезіңізді жақсартып, күнәнің ауыртпалығынан құтылудың және өміріңіздегі барлық жаман нәрселерді жоюдың бірегей мүмкіндігі.

Алла Тағала Рамазан айында баршамызға рухани қуанышты және Өзінің мейірімділігін сезінуді нәсіп етсін! Қасиетті ай баршамызға мүбәрак болып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Әмин!

Мадияр қажы ТАҒАЙБАЙҰЛЫ

Алматы облысы бойынша бас имамы