АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ БАС ИМАМЫ РАМАЗАН АЙЫ ҚАРСАҢЫНДА БАСПАСӨЗ МӘСЛИХАТЫН ӨТКІЗДІ
Алматы облысының бас имамы Пірімқұлов Мадияр Тағайбайұлы Рамазан айына орай масс медиа өкілдерінің қатысуымен арнайы брифинг өткізді.
Бас имам алдымен барша мұсылман қауымын Қасиетті Рамазан айымен шын жүректен құттықтады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан т.б. елдердің Ғұламалар кеңесімен, пәтуа саласына жауапты ғалымдармен ақылдаса келе, биылғы Рамазан айының басталатын күні 1 наурыз болып бекітілді. Наурыз айының 26-нан 27-іне қараған түн – қасиетті Қадір түні. 30 наурыз – ораза айт мерекесі. Сонымен қатар, Мадияр Тағайбайұлы ҚМДБ шешімі бойынша бекітілген пітір садақасының мөлшері 655 теңге, підия садақасының мөлшері 3520 теңге болып бекітілгенін жеткізді.
Бас имам Алматы облысының тұрғындарын қасиетті айда жүзеге асатын «Рамазан қоржыны», «Рамазан сыйы», «Рамазан тәттісі» «Жомарт жұма», сынды қайырымдылық іс-шараларға үлес қосуға шақырды. “Қасиетті Рамазан айы бастала облыстық орталық «Қапшағай» мешітінде «Рамазан шатыры» құрылады. Онда күн сайын 130 кісіге ауызашар дастаханы жайылып, жалпы облысқа қарасты 105 мешітте ауызашар дастарханы жайылады”, – деді облыс бас имамы Мадияр Тағайбайұлы.



