АСАН ҚАЙҒЫ ҺӘМ ИХСАН
АСАН ҚАЙҒЫ ҺӘМ ИХСАН
Асан қайғының әу бастағы азан шақырып қойған аты Хасан яғни
Хасан Сәбитұлы. Мұсылман жұртшылығында жиі кездесетін Хасан, Асан,
Әсен, Үсен сынды аттар, сүйкті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) немерелері Хасан
мен Хұсейінді қадыр тұтып қойылған есімдер. Бұл есімдер “жақсы”
“жақсылық” деген, мағыналар береді. Шариғатта жақсылық «ихсан» деп
аталады. Омар ибн Хаттабтан жеткен “Жәбрейіл хадисі” деген атпен мәшһүр
болған хадисте ислам және иман турасында айта келіп ихсан хақында:
«Ихсан – Аллаға дәл Оны көріп тұрғандай күйде құлшылық етуің. Сен Оны
көрмесең де Ол сені қалт жібермей бақылап тұрғандығына күдіксіз сенуің»-
деп, анықтама берілген. Бұндағы Алланы көріп тұрғандай құлшылық ету, тек
қана белгілі уақытта міндет етілген құлшылықпен (намаз, ораза сынды)
шектелмейді. Бәлки, пенденің саналы ғұмырының тұтастай құлшылық яғни
аманатқа жауапкер екендігі меңзеледі. Бұлай деуімізге себеп Алла тағала: «…
Сендер қайда болсаңдар да, Ол сендермен бірге. Алла сендердің не істеп, не
қойып жүргендеріңді толық көріп тұрады» (Хадид сүресі 4- аят) – деп,
пенделерін мүлт кетірмей меңгеріп тұратындығын ескерткен.
Ал енді, айтар ойымыздың арқауы болған Асан қайғы бабамызды атына
заты сай келген яғни жақсылықтың жаршысы болған бірегей тұлға десек
артық айтпаған болармыз. Асан қайғының атын естігенде, ол неге қайғырды?
Неліктен Асан қайғы атанды екен? Дейтін орынды сұрақтардың
туындайтыны сөсіз. Асанның қайғыруы хақында бір неше түрлі себептер ел
аузында аңыз болып тарап кеткен. Мәселен; Асан перінің қызына үйленген
екен. Перінің қызы оған 3 түрлі шарт қойыпты, Асан сол шартты бұзған
себепті жарынан айырлып, соған өкініп, қайғыланып Асан қайғы атаныпты.
Деген шындыққа жанаспайтын аңыз бар. Ал, тарихи деректер бойынша Асан
қайғының Алтын орданың ыдырауы кезеңінде ғұмыр кешкені, Керей мен
Жәнібек хандардың ақылшы биі болғаны мәлім. Қазақ хандығының ірге
теуіп, қанат жаюна бел шеше кіріскен, елдің татулығын, жұрттың
тыныштығы мен тұтастығын ойлап жарғақ құлағы жастыққа тимеген жырау
қайғырмай тұра ала ма? Асан өз дәуірінің саяси уақиғаларын талдай отырып,
оның келешектегі көрсетер нәтижесінің қалай болатындығы хақында
толғақты түйіндерге жауап іздеп, тұшымды болжамдар жасаған.
Сондықтанда Ш. Уәлиханов Асанды «Көшпенді қазақ, қоғам ұлысының
философы» деп бағалаған. Қалың бұқараның қамын жеген, бейбіт те
баяшатты қоғам құруды аңсаған Асан қайғырмай қайтеді? Оның саналы
ғұмырын, жел маясына мініп, жер ұйығын іздеумен өткізгені әммеге аян
ақиқат. Туған топырағын, өскен елін жақсылыққа кенелтсем деген асқақ
арман, ұлы үміттің жетегімен тұран даласынан жер ұйығын іздеген Асанның
жел маясының табаны тимеген топырақ жоқ шығар-ау! Асан өзі аралап
көрген әрбір аймақтарға, өңірлермен өлкелерге өзіндік бағасын беріп
кеткендігін мына жыр үзінділерінен көреміз;
Торғай өзенін көргенде:
«ақ шабағы май татыған,
ағар суы бал татыған»- десе, Қызыл тауды көріп: «тау-тасы кеш
болғанда ыңыранып жататын, тоқтысыда қысыр қалмайтын қойдың жері
екен»- дейді. Ал, Шідертіге жел маясын шалдыртып тұрып: «мына шіркіннің
топырағы асыл екен. алты ай арықтатып мінген атқа бір айда май бітетін, бос
жылқы шідерлеп қойғандай тұратын жылқының жері екен»- деп, тамсанған
көрінеді. Жеті суға жеткенде: «ағашының бұтағы сайын жеміс екен, шаруаға
жайлы қоныс екен»- деген сияқты төрт түлікке жайлы, шаруаға қоныс
болатын жерлерге оң бағасын беріп отырған. Ал кейбір мекендерге көңілі
көншімеген сәттер де болған. Мәселен; Түркістанның жанындағы Сауранды
көргенде:
«Әттеген-ай! Тақырдың бетіне,
шөлдің өтіне салған екен.
Сарқырап аққан суы жоқ,
жайқалып тұрған нуы жоқ»- десе, Ақ мешіт маңы яғни Сыр өлкесі
жәйлі:
Ей! Ақ мешіт жерің шаң екен.
Суың жар екен,
елің жұтамас,
малыңның көзіне сақ бол!- деген екен. Міне осылайша жер ұйығын
іздеген Асан бабамыз: мынау өңір мен аңсаған “жер ұйық” екен деп атап
айтпаған. Оның қиялындағы жер ұйық – суы сүт, жағасы бал қаймақ өзені
бар, көкорай шалғынды, шаруаға жәй, қадырлы қоныс еді. Деп те айтылатын
дерек бар.
Алайда, Асан қайғының тәнті болған жерлерге арнаған жоғарыдағы
жырларынан, өзі армандағанындай мекендерді жолықтырған жоқ дей
алмаймыз. Онда неге жер ұйығына лайық деп, нақтылы бір мекенді
көрсетпеген? Міне гәп осында. Негізінде Асан қайғы жер ұйығын жер
бетінен іздеді ме? Әлде, жаның жәй табатын, алаңсыз өмір сүретін мекенді
бұл жалғаннан таппайсың деген философиялық терең тұжырымды
ұғындырғысы келді ме? Ұғындыру үшін сабылып жер ұйығын іздеп өз
басынан өнеге көрсеткен жоқ па? Олай болса, Асан қайғы аңсаған жер ұйық
– жұмақ десек қателеспеген болармыз. Ал енді, Алла тағала сүйікті
құлдарына дайындаған жәннаті жәйлі: «Тақуа жандарға уәде етілген
жаннаттың мысалы: онда суы әсте лайланбайтын һәм борсымайтын тұп-
тұнық өзендер, дәмі еш өзгермейтін (ашымайтын) сүттен өзендер, ішкен
жанды ерекше ләззатқа бөлейтін шараптан өзендер және қоспасыз таза
балдан өзендер бар. Сондай-ақ олар үшін онда сан алуан жемістер мен
Раббыларыңның шексіз кеңшілігі де болады….» (Мұхаммед сүресі 15- аят) –
деп, сүйіншілеген.
Сонымен қатар бұл дүние турасында: «Әйелдер, балалар, қап-қап
алтын мен күміс, асыл тұқымды сайгүлктер, төрт түлік мал және егінжай
сынды нәпсінің құмарын қоздыратын дүниелер адамдардың көз жауын
алатындай тым тартымды етілді. Әсілі бұлар дүние тіршілігінің (өткінші)
қызығы мен бұйым-боқшасы ғана. Шүбәсіз, (адам жаны жай табатын) ең
тамаша мекен Алланың құзырында» (Әл-Ғимран сүресі 14-аят) – деу арқылы
бес күндік жалғанның уақытша қызығына алданып, мәңгілік болған
жәннәттан құр қалмауды ескертеді.
Асан баба құр қайғыны малданып қана жүрместен, бұл дүниенің
игілігін көру үшін де тынбай еңбектенудың қажеттілігін жер ұйығын іздеп ісәрекетімен дәлелдеді. Ал, жәннатты аңсаған жанның жақсылықта кемелдікке
жету үшін күллі жаратылысқа мейірімділікпен мәміле жасау жолында аянбау
керек екендігін өз ісімен көрсете білді. «Қалай көрсете білді?»- дейсіз ғой.
Асан қайғы ел-жұртының, халқының қамы үшін қайғырумен шектелмеді.
Тіпті, жүгірген аң, жорғалаған жәндіктердің жағдайын ойлап жаны елжіреді.
Ал оқыңыз:
Құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан қайтып күн көрер?
Аяғы жоқ, қолы жоқ, жылан қайтып күн көрер?
Шыбын шықса жаз болып, таздар қайтып күн көрер?
Жалаң аяқ балапан, қаздар қайтып күн көрер?
Мінекеи, түз тағысы құланның қамын ойлаған, атын естігенде өн
бойың «дір» ете қалатын, адамның қас-дұшпаны болған жыланға
жанашырлық танытқан Асанды қалай ғана жақсылықтың жаршысы демеске?
Алайда, Асан қайғының жан-жануарлардың қамын жеп, қайғыруы басы
артық әурешілік. Тіршілік етуге бейім болған, өзіне тән жаратылысы бар аңқұстардың дене мүшесін түгендеп не қылады? Дейтін сұрақтың туындауы да
бек мүмкін. Шыныменде, Асан қайғы аталмыш жануарларды қалай күн
көреді деп қайғырды ма? Әлде, ақыл иесі болған адамдардың қара басының
ғана қамын жеп, өзге жаратылысқа қарап ғибырат алмайтын ойсыздығына,
бақытын өз басымен ғана өлшейтын өзімшілдіктің өршіп бара жатқанына
қайғырды ма?
Әрине, озық ойлы, даңғыл көкірек дәнішпанның діттеген мақсаты тым
тереңде жатыр. Ендеше, күллі жаратылыстың Жаратушысы жаратқандары
хақында не айтар екен? Көрелік: «(Алла елшісінен мұғжиза көрсетуін талап
етіп жүргендер, бір сәтке болса да жан-жақтарына зер салып қарамай ма
екен?!) Жер жүзіндегі жан-жануарлардың, қос қанатымен самғап ұшқан
құстардың түр-түрі (өздерің сияқты қоғам болып топтасып тіршілік ететін,
әрқайсысының өзіне тән өмір салты болған) өз алдына үмбет болып
табылады. Біз кітапта (яғни күллі жаратылыс атаулының тағдыры жазылған
Лаухул-Махфузда) еш нәрсе қағыс қалдырмадық. Титтей де ағаттыққа жол
бермедік. Кейін сол тіршілік иелерінің барлығы Раббыңның алдына
жиналады» (Әнғам сүресі 38- аят)
Міне, Алла тағала әрбір жан иесінің бұл дүниеде өзара тығыз
байланыста болатындығын, сонымен қатар қияметте баршасын алдына
жинайтындығын баян ету арқылы күллі жаратылыстың бір-бірлеріне
қақылары бар екендігін ескертеді. Ал, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзге
жаратылыстарға жұмсақтық тантудың жарқын үлгісін былай деп түсіндірген:
«Бұрынғы уақытта бір адам жолда келе жатып қатты шөлдейді. Бір құдық
тауып ішіне түседі. Ол жерден су ішіп, шөлін қандырып сыртқа шығады.
Қараса, тілі салақтап, шөлдің қатты қысқандығынан дымқыл жерді жалап
тұрған бір итті көреді. Ол өз-өзіне: “Бұл итте мен сияқты қатты шөлдеген
екен ғой” деп ар-ұжданында оған деген жанашырлық сезімі оянады. Сосын
дереу құдыққа түсіп, аяқ киіміне су толтырып, оны аузымен тістеп, сыртқа
алып шығып итке береді. Оның осы бір әрекетіне Алла тағала разы болып,
оны кешіреді.
Сахабалар:
– уа, Алланың Елшісі! Жануарларымызға жақсы қарағанымыз үшін де
бізге сауап беріледі ме? – деді. Сонда Алла Елшісі:
“Кез келген тіршілік иесіне жасаған жақсылықтарың үшін сауап жазылады”
деді» (Бұхари, Мүслим).
Міне біз аталмыш аят пен хадистен исламның түпкі мақсаты – күллі
жаратылыстың тыныштығы мен барша жан иесінің бейбітшілігі еткендігін
сезінеміз. Сонымен қатар Асан қайғының жер ұйығын іздеп сабылуы, жанжануарлардың қамын ойлап қайғыруы, оның ислам мен имандағы кемелдік
деңгейге жеткені, яғни ихсан хәлінде болғандығын көре аламыз.
Демек, Асан Қайғы көшпенділер даласына жақсылықты (ихсанды) жаю
жолында саналы ғұмырын сарып еткен бірегей тұлға.
Қарасай ауданы Үштерек ауылдық мешітінің бас имамы Қызырғазы
Мәлікұлы.


