“АТАЛАР МЕКТЕБІ” – РУХАНИ ТӘРБИЕ МЕН ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТЫҢ ДІҢГЕГІ
2025 жылғы 22 мамырда Алатау қаласындағы «Отбасын қолдау орталығы» КММ-де ашық есік күні аясында тағылымы терең басқосу өтті. «Әкем – тірегім, анам – жүрегім» тақырыбында ұйымдастырылған дөңгелек үстел барысында отбасылық тәрбие, ұлттық құндылықтар мен ұрпақтар сабақтастығы кеңінен сөз болды.
Аталған іс-шараға Алатау қалалық «Қожа Ахмет Ясауи» мешіті жанынан құрылған «Аталар мектебінің» мүшелері арнайы қатысып, өмірлік тәжірибелері мен өнегелі кеңестерін ортаға салды. Ел сыйлаған ақсақалдар жас ұрпақ тәрбиесіне қатысты салиқалы ойларын білдіріп, отбасындағы әкенің рөлі, ұлттық дәстүр мен имандылық қағидалары туралы құнды пікірлерімен бөлісті.
Басқосуға Алатау қаласының бас имамы Қуаныш Жұмаханұлы қатысып, «Аталар мектебінің» дін мен дәстүр сабақтастығын насихаттаудағы айрықша рөлін атап өтті.
«Аталар мектебі» – бұл жай ғана ақсақалдар бас қосатын орта емес, рухани тәрбие мен ұлттық санаға жол сілтейтін өнегелі орда. Ол бүгінде жастарға бағыт-бағдар беріп, отбасылық құндылықтарды дәріптейтін мектепке айналып келеді.
Шара соңында қатысушылар мұндай кездесулердің тәрбиелік мәніне тоқталып, осындай рухани басқосулардың тұрақты түрде жалғасуына ниет білдірді.



