preloader

Жаңалықтар

БАЛҚАШ АУДАНЫ: ПОЛИЯЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

БАЛҚАШ АУДАНЫ: ПОЛИЯЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Балқаш ауданының бас имамы, білікті теолог Төрежанов Нұрдәулет Тоқанұлы қоғамдық тәртіп сақшылары – полиция қызметкерлерімен маңызды әрі мазмұнды кездесу өткізді. Бұл жолы дін мен қоғамның шекарасын айқындап, руханият пен қауіпсіздік ұғымдарының үндестігіне ерекше назар аударылды.

Аудандық ішкі істер бөлімінің жеке құрамымен жүздескен бас имам Ислам дінінің негізгі құндылықтарын кеңінен тарқатып, мейірім мен әділетке, кешірім мен жауапкершілікке негізделген дініміздің асыл мұраттарын ашып көрсетті.

Кездесу барысында Нұрдәулет Тоқанұлы дәстүрлі ислам мен теріс ағымдардың арасындағы шекараны нақтылап берді. Ол, әсіресе, бүгінгі таңда әлеуметтік желілерде көбейіп кеткен, өзін дін өкілі санайтын, бірақ шын мәнінде қоғамды шатастыруға бейім жандардың әрекетін сынға алды. «Дін – бейбітшіліктің бастауы, ал теріс ағым – соның көлеңкесі. Екеуінің арасын ажырата білмесек, рухани тұтастығымызға сызат түседі», – деп атап өтті.

Сондай-ақ, аудан имамы дін атын жамылып жасалған экстремистік әрекеттердің Исламмен үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын баса айтты. Ол полиция қызметкерлеріне: «Сіздер – қоғам күзетшісісіздер, ал біз – руханият күзетшісіміз. Бірлікте қызмет етсек қана ел амандығы мен ұрпақ қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз», – деп ой тастады.

Кездесу бейбітшілік пен тәртіп жолындағы өзара түсіністік пен сенімнің көрінісі болды.