Балқаш ауданында имамдарға арналған білім жетілдіру курсы өтті
Алматы облысы Балқаш ауданында “Ислам және отбасы құндылығы” жылы аясында имамдарға арналған білім жетілдіру курсы жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Курс аясында Құран, ақида, фиқһ, хадис ілімдері және ҚМДБ-ның концептуалдық құжаттары бойынша терең де тағылымды дәрістер оқылды. Ауданның бас имамы Нұрдәулет Тоқанұлы Төрежанов ауыл имамдарына ҚМДБ құжаттарының мазмұнын кеңінен таныстырып, мәнді баяндама жасады.
Сондай-ақ Нұр-Мүбарак университетінің түлектері, тәжірибелі ұстаздар Талғат Сүлейменов пен Ербол Маханбет шариғат ілімдерінің өзекті тақырыптарын қамтып, тың әрі салиқалы сабақтар жүргізді.
Аудан имамы бұл курстың алда өтетін “С” санатындағы аттестациялық емтиханға дайындықтың маңызды сатысы екенін атап өтті.
Курс соңында қатысушы имамдарға құрмет ретінде арнайы дастархан жайылып, рухани шара көркем түрде түйінделді.



