Бас мүфти алғашқы ауызашарға қатысты
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елордадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде өткен Рамазан айының алғашқы ауызашарына қатысты.
Жиылған жамағатты Рамазан айының басталуымен құттықтап, ізгі тілегін білдірген Бас мүфти оразаның қадір-қасиеті жайлы уағыз айтты.
«Рамазан – Алла Тағаланың мұсылмандарға берген ұлы сыйы, нығметі. Қасиеті мен шарапаты мол айда күнәларымыздан арылып, сауап жинауға, жан-дүниемізді тазартуға тырысқан абзал. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз үмбетін: «Бұл айда жәннат есіктері ашылады. Ораза тұтқан адамның алдыңғы және кейінгі күнәлары кешіріледі», – деп сүйіншілеген.
Рамазанда ауыз бекіткен исі мұсылман баласы өзін ішіп-жеуден ғана шектемей, жаны мен тәнін жамандықтан сақтап, ізгілікке ұмтылады. Іс-әрекетін мұсылманға тән әдеп аясында орындауға тырысады. Өйткені Рамазан – кез келген ізгі амалды риясыз ниетпен жасауға тәрбиелейтін, адамды тақуалыққа үйрететін ай» деді ҚМДБ Төрағасы.
Айта кетейік, күн сайын мешіт мейрамханасында 500 жанға ауызашар дастарханын жаюды үрдіске айналдырған Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешіті биыл да жамағатқа қонақжай құшағын айқара ашып отыр. Елорда бас имамы Ерболат Жүсіповтің айтуынша, жалпы қала бойынша осы Рамазанда тәулігіне 2500-3000 жанға тегін ауызашар берілетін болмақ. Сондай-ақ, қасиетті Қадір түнінде мешітке келуші жамағатқа сәресі тарату жұмысы да жоспарланып отыр.