Бас мүфти бас мешітте жұма уағызын айтты
Бүгін ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ жанындағы Республикалық бас мешітте жұма уағызын айтты.
«Риякерліктің зардаптары» тақырыбында насихат айтқан Бас мүфти алдымен «риякерлік» ұғымына қатысты қасиетті Құран аяттарынан, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінен мысалдар келтіріп, оның зардаптарына, одан сақтану жолдарына тоқталды. Риякерлік, көзбояушылық сияқты істер адам баласына бұл дүниеде де, ақыретте де жақсылық алып келмейтінін, осы себепті де асыл дініміз бұндай істерден біздерді сақтандырып, әр амалымызды бір Алланың ризалығы үшін атқаруымызды бұйыратынын жеткізді.
Бұдан әрі Наурызбай қажы Тағанұлы осы жолда үлкен жетістіктерге жеткен тұлғалы бабаларымыз, оның ішінде Ислам дінінің жүректерде салтанат құруы жолында жанын да, барын да аямаған ержүрек сұлтандар Бейбарыс, Қалауын секілді бабаларымыздың шынайы ықыласпен жасаған амалдарын тілге тиек етті. Кешегі күні ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының Мәдина қаласындағы Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешітіне барып, Алла елшісі қабірін зиярат етіп, дұға жасағаны да тәуелсіз еліміздің өркендеуіне, асыл дініміздің асқақтауына бағытталған қадамдар екенін атап өтті.
Жұма намазынан соң Бас мүфти ел игілігі үшін дұға етіп, бата жасады.