Бас мүфти медресе-колледж директорларымен кездесті
Бүгін елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты медресе-колледждердің директорларымен кездесті.
Кездесу барысында ҚМДБ Төрағасы Төралқа мәжілісіндегі бағдарлық баяндамасында айтылған діни білім және кадр даярлауға қатысты міндеттерді тілге тиек етті. Сондай-ақ діни маман дайындаудағы ұстаздардың қажырлы еңбегіне алғысын білдірді.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты медресе жұмысы 2007 жылдан бастап қолға алынды. Осы жылдары елімізде медреселер ашылып, 2010 жылы алғашқы түлектер шықты. Бүгінде еліміздегі 9 медресе колледж мәртебесін иеленіп, түлектерге мемлекеттік үлгідегі дипломдар берілуде. Он алты жыл ішінде 3134 шәкірт медреседен білім алса, соның 2405-і ұл, 729-ы қыз балалар. Діни басқарма медресе түлектерінің тұрақты жұмыспен қамтылуына және білім жолын жалғастыруға ниетті шәкірттерге де ұдайы көмектесіп келеді» деп атап өтті Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Жиын барысында ҚМДБ Төрағасы медреселерде оқытылатын пәндер мен оқулықтар заман талабына сай болуы қажеттігін, сондай-ақ бабалар мектебін де жалғастырып, классикалық еңбектердің, Орта Азия медреселерінде қолданылған танымал кітаптардың оқытылуына басымдық беру керектігін айтты. Сондай-ақ Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейтбеков қазіргі таңда медресе-колледждерде оқытылып жатқан кітаптарды таныстырып өтті.
Айта кетейік, күні кеше өткен Төралқа мәжілісінде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы медресе-колледждердің оқу бағдарламасына факультатив дәріс ретінде «Алаштану», «Тұлғатану» пәнін енгізу туралы шешім қабылдағанын атап өткен болатын.