preloader

Жаңалықтар

Бас мүфти Меккеде басталған халықаралық конференцияда арнайы баяндама жасады

Бас мүфти Меккеде басталған халықаралық конференцияда арнайы баяндама жасады

Бүгін қасиетті Мекке жерінде «Әлемдегі дін істері, пәтуа басқармаларымен, шейхтықтармен және сол секілді мекемелермен байланыс» тақырыбында өтіп жатқан халықаралық конференцияда ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы баяндама жасады.

Бас мүфти Діни басқарманың 30 жылдан аса тарихындағы көптеген мұсылман мемлекеттерінің діни басқармаларымен тығыз қарым-қатынас орнатқанын, оның ішінде Орта Азия елдерімен пәтуа беру, мұсылман мерекелерін бір мезетте атап өту сынды бастамаларға қол жеткізгенін айтып өтті.

«Бүгінгі қасиетті Меккеде басталған конференцияда әлемдегі дін істері, оның ішінде Ислам дінінің құндылығы туралы айта кеткенді жөн санап отырмын. Соңғы кездері Еуропаның бірқатар елдерінде күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті болған Құран Кәрімді өртеу оқиғалары жиі орын алуда. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұндай шектен шыққан әрекетке алаңдаушылық білдіреді және бассыздыққа жол берген жандардың ісін қатаң айыптайды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл оқиғаны қазіргі әлемдегі жағдайды шиеленістіруге, халықтар мен мемлекеттер арасындағы сенімге нұқсан келтіруге бағытталған арандатушылық әрекет деп санады. Біздің мақсатымыз – әлем мұсылмандарының ар-ожданын құрметтеу және өзгеге де құрметпен қарау» дей келе, заман талабына сай пәтуа беруде атқарылып жатқан жұмыстарға арнайы тоқталды.

«Бүгінгі таңда заман ағымына сай жаңа пәтуалар қабылдануда. Біз мұсылмандар бұл ретте қоғам үдерісінен тыс қалмай, талапқа сай жауап беруге тиіспіз. Өз тәжірибемізден айтар болсам соңғы жылдары ҚМДБ жанындағы Ғұламалар кеңесі электронды сауда, аукцонға қатысу, биржа, электронды сигарет, онлайн сауда, трансплантация үкіміне қатысты пәтуалар шығарды. Бұл пәтуалар қоғамда тез қабылданып, қолданысқа еніп кетті. Сонымен қатар асыл дініміздің аясын кеңейту мақсатында Түркі мемлекеттерінің мүфтилер кеңесі құрылды. Кеңес отырысында мұсылман әлемінің ауызбіршілігі, өзге дін өкілдерімен қарым-қатынас, пәтуа берудегі жаңашылдық тақырыптарында пікір алмасып келеміз. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресінде: «Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер», – деп, мүминдерге бірлікте болуды бұйырған. Бүгінгі конференцияда айтылған басты ойлар біздерді біріктіріп, әрі қарай күллі мұсылманның бірлігі үшін жұмыс істейміз деген ойдамын. Баршаңызға Алла разы болсын!» деді ҚМДБ Төрағасы.

Өз кезегінде Сауд Арабиясы Корольдігінің Ислам істері, уағыз және насихат министрі доктор Абделатиф бен Абдулазиз әл аш-Шейх мұндай басқосудың маңызды екенін, бірлікте болу, діни басқармалардың бірігіп пәтуа шығаруы, ғалымдардың өзара жиу пікірлесуі қажет екенін айтып өтті.

Айта кетсек әлемнің 85 елінен 120-дан аса мүфтилер мен ғалымдар қатысып жатқан жиында сондай-ақ халықаралық байланысты арттыру, діни экстремизммен күрес, пәтуа беру ісін жетілдіру тақырыптарында баяндамалар жасалды.