preloader

Жаңалықтар

Бас мүфти қажылық бағасын төмендету бойынша келіссөз жүргізді

Бас мүфти қажылық бағасын төмендету бойынша келіссөз жүргізді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Жидда қаласында Сауд Арабиясы корольдігінің Қажылық және ұмра министрі Тауфик ибн Фаузан ар-Рабиамен кездесті.

Кездесуде осы жылғы үлкен қажылық сапарын сапалы ұйымдастыру мәселелері сөз болды. Наурызбай қажы Тағанұлы қазақстандық қажыларға қолайлы жағдай жасау бойынша министрге өз ұсынысын жеткізді.

Атап айтқанда, Бас мүфти Қазақстан қажыларын жеткізетін әуе тасымалының қызмет құнын халыққа тиімді бағада бекіту, отандастарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қонақүй бағасына барынша жеңілдік жасау, қызмет сапасын арттыру, төлем жасау жүйесін оңтайландыру және т.б. мәселелерге баса назар аударды.

«Аллаға шүкір, біздің елімізде қажылық парызын орындауға ниет білдірушілер саны жылдан жылға артып келеді. Біздің мақсат – қажылық сапарын жоғары деңгейде ұйымдастыру. Қазақстан қажылық миссиясы осы бағытта нәтижелі жұмыс істеп келеді. Сіздер тараптан қызмет көрсету бағасына жеңілдіктер жасалса деген тілегіміз бар. Бұл қадам біздің қажыларға үлкен қолдау болар еді» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Өз кезегінде САК Қажылық және ұмра министрі Тауфик ибн Фаузан ар-Рабиа қазақстандық қажыларға министрлік тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін жеткізді. Кездесу соңында тараптар екіжақты ынтымақтастықты арттыруға келісті.

Айта кетсек, өткен жылы елімізден 4 мың жерлесіміз үлкен қажылығын өтеп келді. Отандастарымызға 14 туристік компания қызмет көрсетті. Қажыларға қызмет көрсетуге лайықты 14 турфирма конкурстық негізде анықталған болатын.