preloader

Жаңалықтар

Бас мүфти тікелей эфирде өткен брифингке қатысты

Бас мүфти тікелей эфирде өткен брифингке қатысты

Бүгін елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде тікелей эфирде өткен «Рамазан айына дайындық» тақырыбындағы брифингке қатысып, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Брифингте Наурызбай қажы Тағанұлы қазақстандықтарды он екі айдың сұлтаны, қасиетті Рамазанның басталауымен құттықтап, қасиетті айда мешіттерде атқарылатын шаралар жайлы атап өтті.

«Біз Орталық Азия елдерінің мүфтилерімен, ондағы пәтуа саласына жауапты ғалымдармен ақылдаса келе және ғылыми зерттеулер нәтижесін ескеріп, ортақ шешім қабылдадық. Алла қаласа, биыл рамазан айы 23 наурызда басталады. Ал сәуір айының 17-нен 18-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 21 сәуір – ораза айт мерекесі. Биылғы пітір садақасы жан басына 535 теңге болып бекітілді. Пітір садақасы мөлшері еліміз бойынша екі келі ұнның ортақ бағасы негізінде белгіленді. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен беруге болады.

Рамазан – Раббымыздың мейрім-махаббатына бөленетін ай. Берекелі, сауабы мол айда Алланың мейіріміне бөленіп, әрбір ізгі амалымыздың жақсылығы еселеніп жазылғай. Еліміз аман, жеріміз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болғай. Жаратушы Жаббар Иеміз келер жылғы ораза айына аман-есен жетуімізді нәсіп еткей. Әмин!» деді Бас мүфти.