Бас мүфти «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясына қатысты
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Рамазан айының құрметі үшін республика бойынша басталған «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясына қатысып, көпбалалы отбасыға сый-сияпат жасады.
Бас мүфти атына бес баласы бар жалғызбасты ана Сандуғаш Нұрсейітовадан хат келген болатын. Ол хатта Сандуғаш Нұрсейітова бір баласының мүгедектігі барын айтып, оған ой өрісін дамытатын заманауи кітап-құрылғылар сұраған еді. Ананың тілегін орындау мақсатында Бас мүфти жалдап тұрып жатқан пәтеріне арнайы барып, еміне шипа сұраған 6 жастағы Естайға дұға жасап, сыйын табыстады.
Айта кетейік, бұл акцияны Наурыз мейрамы қарсаңында алғаш рет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастап, бірнеше баланың тілегін орындаған болатын. Қазіргі таңда еліміздегі өнер, мәдениет өкілдері, қоғам белсенділері әлеуметтік осал топтарға қамқорлық көрсетіп, көпбалалы отбасылардан, мүмкіндігі шектеулі жандардан, зейнеткерлерден келіп түскен хаттарда жазылған өтініш-тілектерді орындауда. ҚМДБ Төрағасы да еліміз бойынша басталған эстафетаға үн қосып, мүгедектігі бар Естайдың тілегін қабыл алып, батасын берді.