preloader

Жаңалықтар

Бас мүфтидің қатысуымен «Сопылық сыры» кітабының таныстырылымы өтті

Бас мүфтидің қатысуымен «Сопылық сыры» кітабының таныстырылымы өтті

Бүгін Сыр жұртшылығының алдында «Muftiyat» баспасынан жарық көрген «Сопылық сыры» кітабының танытым рәсімі өтті. ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жаңа кітаптың мазмұнына тоқталып, тарауларын таныстырды.

«Жаңа кітап оқырманның дүниетанымын байытып қана қоймай, түйсігін жақсылыққа өзгертіп, тұлабойына тәрбиенің алтын дәнін егеді деп ойлаймын. Осы тұрғыдан келгенде қолыңызға тиген бұл еңбек сіз бен біздің жандүниемізге үлкен рухани азық болады.

Бұл еңбекте құлшылықтағы ықылас мәселесіне баса назар аударылған. Өйткені, құлшылықтың қабыл болуында шынайы ықыластың орны айрықша. Ғұламалар қырық күн шынайы ықыласпен құлшылық еткен адамға даналық нығметі берілетінін айтқан. Шынайы ықылас риядан сақтайды.

Қорыта айтқанда, қолыңыздағы кітап иманды күшейтуге әсер етіп, құлшылыққа бағыттайды деген сенімдемін. Сондықтан ықыласпен оқуға кеңес беремін» деді.

Айта кетейік, жаңа кітап Қызылорда қаласында өткен «Исламдағы сопылық ілімі: мәні мен маңызы» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция аясында қалың жұртшылыққа таныстырылды. Діни басқарманың сараптама бөлімінен оң қорытынды алған кітап жуық арада оқырманға жол тартады. Құнды еңбектің танытым рәсіміне Ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, мемлекет және қоғам қайраткері Бақберген Досманбетов және аудан, қала имамдары қатысты.