БОРАЛДАЙДА 110 ОҚУШЫ «ИМАНДЫЛЫҚ ӘЛІППЕСІН» ТӘМАМДАДЫ
Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының бастамасымен мектеп оқушыларының жазғы демалыс күндері дәстүрлі «Имани жаз — 2024» діни сауат ашу курсын биыл Боралдай кентінде 50 ұл бала және 60 қыз бала тәмамдады. Балалар тек діни сауат ашумен ғана емес, әдеп сабақтары, салтымызға сіңген сүннеттер мен ғұрпымызға айналған мұсылмандық дәстүрлерімізді бойына сіңіруде имандылық дәрістерін оқыды.
Жазғы сауат ашу курсында «Құран әліппесі», «Құранды ережесімен оқып үйрену», «Алланың 99 есімін жаттау», «Мұсылмандық әдептер», «Көркем мінезге тәрбиелеу», «Тазалыққа үйрету», “Алаштың имандылық өсиеттері” және тағы басқа оқу мен тәрбие сағаттары өткізілді. Төрт апта уақыт ішінде шәкірттер Құран әріптері мен қысқа сүрелерін жаттап үлгірсе, ал үздіктері Құранды ережесіне сай етіп сауатты оқу деңгейіне дейін жетті. Қорытынды сәтте дәріс алған оқушылардың ата-аналарын шақырып, балаларының жақсы тәрбиесіне бас имам алғысын білдіріп, батасын берді. Дәріс пен тәрбие сағаттарын жүргізген «Арын қажы» мешітінің ұстаздары – Хусниддин қари Әкбарұлы және қыз балалардың ұстазы – Айсұлу Амангелдіқызына ата-аналар мен мешіт жамағаты ризашылықтарын білдірді. Бір айлық курсты тәмамдаған шәкірттер шығарылым шарасында ата-аналарының алдында өз жетістіктерін паш етті. Қасиетті Құран аяттарын сауатты оқып, Алаш азаматтарының жастарға арнаған толғаулары мен жырларынан үзінділерін оқыды.
Шара соңында «Арын қажы» мешітінің наиб имамы Мұрат Төлегенұлы Құран аяттарын оқып, балаларға тілек батасын берді. Ауылдың аузы дуалы ақсақалы Жанат қажы батасын беріп, жас буын балаларға оқуда сәттілік тіледі. Ақ жаулықты Мархаба апа қыз балаларға қазақ қыздарының бойындағы қасиеттеріне жеке тоқталып, тарихи негізде дәлелдерін келтірді. Сөз соңында балаларға тағылым болар өлең шумақтарын оқыды.
Осындай балалар үшін айтулы күнде мешіт жанынан оларға арналған түрлі ойындар ұйымдастырылып, аулаға батут орнатылды. Жаздың шұрайлы күнінде шәкірттерге балмұздақ тегін таратылды.
Халқымызды Жаратқан Жаппар өнері болар тілімен, өзегі болар дінімен сақтасын!
«Арын қажы» мешітінің баспасөз қызметі