ДӘСТҮРДІҢ ОЗЫҒЫ БАР, ТОЗЫҒЫ БАР
Дәстүр ұғымы қазақ халқымен біте қайнасқан десек артық айтқандық емес. Қазақ халқының баға жетпес құндылығы саналатын ата-бабаларымыздан келе жатқан салт-дәстүрлер сондай-ақ, халқымыздың өмір сүру қағидасына айналғандай.
Салт-дәстүр – ол тәрбие, құрмет, адамгершілік, көрегендік, насихат секілді көптеген мағыналы ұғымдарды жинап тұрған рухани байлық. Ал, оның бастауы адамзат баласына тура жолды меңзейтін, өмірінің мәніне айналған – Ислам діні.
Жалпы, кайбір дәстүрімізді алып қарамасақ та оның негізінде дін жатқанын аңғара аламыз. Әсіресе бүгінгідей тәуелсіз мемлекет атанып, Ислам дінінің өркен жаюы жолға қойылған заманда оның дәлелдері анық көрініп те келеді.
Дін мен дәстүрдің сабақтасар тұстарына бірнеше мысал келтіре кетсек. Мысалы, қазақ халқы көршісіне жақсы қарым – қатынас жасап, барымен бөлісіп, қарайласып, жаңа көрші келсе ерулік жасап, дәмге шақырып құрмет көрсеткен. «Коңсы алма, көрші ал» деп те көршінің жақсы болуын мақсат еткен. «Алыстағы ағайыннан жаныңдағы көршің жақын» деп те көршісінің мәртебесін асырып отырған.
Ал, асыл дініміз «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деп көрші алдындағы жауапкершілікті нақтылаған. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Көршісі аш отырып, өзі тоқ отырғандар бізден емес» деген.
Және бір мысал, үлкенге құрмет көрсетіп бірінші салем беру, оны үлкен деп сыйлау қазақтың қанына сіңген әдет. «Үлкен тұрып, кіші сөйлегеннен без» деп өзінен үлкенді құрметтеуді жас ұрпаққа айтудан жалыққан емеспіз.
Ал, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Кімде-кім үлкендерді жасына қарап, оларды сыйласа, онда Алла Тағала ол кісіні қартайған кезде, оған қызмет ететін адамдарды нәсіп етеді» (Тирмизи) деген.
Егер мысал келтіре берсек осылайша дін мен дәстүрдің сабақтасар тұстары өте көп.
Әрине, дәстүрдің озығы бар тозығы бар. Халқымыз өмір сүру салтына айналдырған, өзіміз құрметтейтін салт-дәстүрлеріміз шариғатқа қайшы келмеген тұста ғана Ислам діні тарапынан қолдауға ие болып мақұлданады.
Себебі, бүгінгі таңда Ислам дініне сай емес, мән-мағынасы жоқ дәстүрлер мен жоралғылар халық арасында орын алып тұратыны ақиқат.
Негізінен кейбір әдет-ғұрыптар, сал-дәстүрлер, жөн-жоралғылар белгілі бір уақытта, әр түрлі замандарда өзгеріске ұшырап немесе жойылып отырған.
Уақытында орын алып, тарихта аталып, ал кейіннен жойылған мұндай жоралғылар шариғатта есепке алынбайтынын ескерген жөн. Мысалы, балшыға сену, балгерлікпен айналысу, құмалақ ашу, жұлдызнамаға сену, әруақтан сұрау секілді нанымдар Ислам дініне қайшы әрекеттер.
Дін мен дәстүр мәселесін қозғағанда немесе оларды сабақтастырғанда терең білімнің керегі анық. Себебі, қоғамда діни сауатсыздық салдарынан салт-дәстүрімізді дінге қарсы қойып жастарымыздың адасушылыққа бой алдырып жүргенінен хабардармыз.
Дінімізде бөліну, тартысу, екі жақ пікірге бөліну секілді нәрселердің жоқтығын ескерген жөн. Ислам діні татулық пен бірлікті, бейбітшілікті көздейді. Қасиетті Құранда : «Бүлік шығару – адам өлтіруден де бетер» деп адамдар арасында тыныштықтың болғанын, бөлінудің дұрыс еместігін меңзеген.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзі Ислам дінінің кең етек алуына, насихат жұмыстарын асқан сабырлылықпен жасаған.
Жалпы, дінімізде де, салт-дәстүрімізде де адам баласына зиян келтірер қарама-қайшылыққа орын жоқ.
Шариғат заңдарымен үйлескен, діннен бастау алатын дәстүрлеріміз халық үшін жат емес. Ал, тозығы жеткен әрі Ислам дініне сәйкес келмейтін жоралғыларға сақ болғанымыз жөн дегім келеді.
Н.КЕРІМБЕКОВ
Тұздыбастау ауылдық
мешітінің имамы


