preloader

Жаңалықтар

“ДІН МЕН ДӘСТҮР” БАҒЫТЫ БОЙЫНША КЕЗДЕСУ ӨТТІ

“ДІН МЕН ДӘСТҮР” БАҒЫТЫ БОЙЫНША КЕЗДЕСУ ӨТТІ

ҚМДБ-ның «Ислам және отбасы құндылығы» жылы аясында Райымбек ауданында тағылымды іс-шара өтті. Аудандық “Отбасын қолдау орталығы” мекемесінде қиындығы бар отбасыларға арналған «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» атты тренингтік кездесу ұйымдастырылды.

Ізгі басқосуға ауданның бас имамы, Аналар кеңесінің төрағасы, Отбасын қолдау орталығының басшысы, білікті психолог маман және алты отбасы мүшелері қатысты. Кездесу барысында отбасы құндылығы, баланың тәрбиесі, өмірі мен білімі туралы жүрекжарды сұхбат өрбіді.

Аудан имамы өз сөзінде Ислам дініндегі отбасының мәртебесіне, ата-ана мен баланың өзара міндетіне кеңінен тоқталып, қатысушыларға өнегелі насихат айтты. Ол отбасының тек материалдық емес, рухани тірек екенін, әрбір бала махаббат пен қамқорлықта өсуі керектігін ерекше атап өтті.

Психолог маман отбасындағы қарым-қатынас мәдениеті мен бала тәрбиесіндегі сабыр мен түсіністіктің маңыздылығын түсіндірді. Ал Аналар кеңесінің төрағасы отбасылық дәстүрлерді сақтау мен ұлттық құндылықтарды дәріптеудің бүгінгі күндегі рөлін айшықтады.

Кездесу өте жылы, шынайы атмосферада өтті. Қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, көкейлеріндегі сауалдарға жауап алды. Шара соңында отбасы мүшелеріне өмірлік бағыт-бағдар беретін ақыл-кеңестер ұсынылып, бір-біріне ізгі тілектер айтылды.

Осындай мазмұнды кездесулер — отбасы институтын нығайтуға, ұрпақ тәрбиесінде дін мен дәстүрдің үйлесімін сақтауға үлкен үлес қосары анық.