preloader

Жаңалықтар

Дін мен дәстүр сабақтастығы: Кемертоғанда қос мереке кең көлемде аталып өтті

Дін мен дәстүр сабақтастығы: Кемертоғанда қос мереке кең көлемде аталып өтті

Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Кемертоған ауылында қасиетті Рамазан айының қорытындысымен тұспа-тұс келген Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі кең көлемде аталып өтті. Қос мерекені қатар қарсы алған ауыл тұрғындары үшін ұйымдастырылған рухани-мәдени іс-шара ерекше мазмұнға ие болды.

Мерекелік шара аясында аудан имамының қатысуымен «Дін мен дәстүр – ұлт руханиятының қос тірегі» тақырыбында рухани-танымдық жиын өтті. Басқосуда ұлттық құндылықтар мен ислам дінінің өзара сабақтастығы кеңінен насихатталып, ел бірлігі мен рухани тұтастықтың маңыздылығын атап өтті.

Іс-шара барысында Құран оқып, діни білімге ден қойған 22 қыз балаға тәж кигізіліп, ерекше құрмет көрсетілді. Бұл – жас буынның рухани тәрбиеге бет бұрғанының айқын көрінісі ретінде бағаланды.

Сондай-ақ, мереке қарсаңында 300-ден астам балаға айттық сыйлықтар таратылып, олардың қуанышына ортақтасу мақсатында арнайы аниматорлар келді. Балаларға ұлттық ойындар ойнатылып, көтеріңкі көңіл-күй сыйланды.

Мерекелік дастарқан жайылып, 700-ге жуық ауыл тұрғыны мен қонақтарға наурыз көже ұсынылды. Ауыл ақсақалдары мен тұрғындары ізгі тілектерін білдіріп, бірлік пен берекені дәріптеді.

Айта кетейік, игі шараны Кемертоған ауылының бас имамы Арман Рахманберді және мешіт ұстаздары мен жамағаты ұйымдастырды. Тағылымы мол бұл басқосу дін мен дәстүр сабақтастығының жарқын көрінісі ретінде көпшілік жадында сақталары анық.