Ерекше балаларға арналған «Ерекше сый» жасалды
Бүгін Астанада ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының «Өмірге үміт сыйла» жобасы аясында ерекше қайырымдылық шарасы өтті. Игі бастаманың салтанатты жиынына Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысты.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қайырымдылық бағытындағы жұмыстар ауқымын кеңейтіп, бірнеше жылдан бері ерекше мұқтаждықтары бар балаларды оңалту орталықтарымен бірлесе игі істерді атқарып келеді. Соның бір көрінісі бүгін Діни басқарма ғимаратында ұйымдастырылып, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ерекше балаларға арналған «Ерекше сый» – «бизибордты» орталық мамандарына табыстады.
«Өздеріңізге мәлім, қазіргі уақытта қоғамдағы аса күрделі мәселелердің бірі – аутизм, БЦП, ЗПР, Даун синдромы бар науқас балалардың саны уақыт өткен сайын артып жатқаны жанымызға батады. Осы орайда, «Өмірге үміт сыйла» жобасы аясында ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қоры осындай ауыр дерті бар балаларға қолдау көрсету бастамасын қолға алды.
Ерекше балалардың психологиялық процестерін, орталық жүйке жүйесін, сөйлеуін дамытуда ұсақ моториканың маңызы зор екені белгілі. Осы қасиетті рамазан айында Астана қаласындағы ерекше мұқтаждықтары бар балаларды оңалту орталықтарына арнайы балалардың ой-өрісін дамытуға арналған ойын түріндегі құрылғы – «бизибордты» табыстап отырмыз. Әрі қарай аталған бағытта жүйелі және тұрақты түрде қайырымдылық көмек көрсетуді жоспарлап қойдық» деді ҚМДБ Төрағасы.
Айта кетейік, «Зекет және қайырымдылық» қоры ерекше балалардың ой-өрісін дамытуға көмектесетін құрылғының бір үлгісін сатып алып, бизиборд жасауға бейім жандардың көмегімен «Zeket Hub» орталығында мыңдаған данасын құрастырып шықты. Бүгін бірнеше балаларды оңалту орталығына табыс етілсе, алдағы уақытта республика көлемінде ерекше балалардың күтімімен айналысатын орталықтарға 1000 данасын жеткізу жоспарда бар.