ІЛЕ АУДАНЫ: “БІР АЙДА БІР КІТАП” ОҚУ ЖОБАСЫН ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ
Алматы облысы, Іле ауданы Жапек батыр ауылындағы “Маметалы” мешітінде «Бір айда бір кітап» жобасы аясында рухани мазмұны терең, тағылымы мол «Жақсы кітап — жан азығы» атты кітап оқу сайысы өтті. Қасиетті Құран аяттарымен ашылған бұл игі шараға 40-қа жуық жамағат қатысып, кітапсүйер қауым арасында білім бәйгесі қыза түсті.
Сайысқа арнайы қонақ ретінде келген «Нұр-Мүбарак» университетінің ұстазы, PhD докторанты, «Мінсіз Мұхаммед» кітабының авторы Шакизада Сырым қатысушыларға кітап оқудың мән-маңызы мен Пайғамбарымызға (с.ғ.с) деген сүйіспеншіліктің биік үлгісін насихаттады.
Жамағат үш кезеңнен тұратын сайыста «MUFTIYAT» баспасынан жарық көрген «Мінсіз Мұхаммед» кітабы негізінде білімдерін сынап, рухани серпіліс сыйлады. Барлық қатысушыларға автор қолтаңбасы қойылған кітаптар мен сертификаттар табысталса, үздіктерге ақшалай сыйақылар берілді.
Шара соңында қазақы дәстүрмен Сырым ұстазға шапан жабылып, алғыс хат тапсырылды. Жиналған жамағатқа ақ батасын берген ұстаз ізгі тілекпен дұға жасады. Бұл – жүрекке нұр, санаға сәуле құйған, бірлік пен білімді ұштастырған тағылымды кеш болды.



