Іле ауданы бойынша жол картасындағы мешіттер тексерілді
Іле ауданында имандылық пен ізгілік жолындағы ізденістер жалғасуда. Аудан әкімдігі бекіткен жол картасына сәйкес, жаңа мешіттердің құрылысы мен олардың заңды құжаттарының рәсімделу барысына арнайы тексеру жүргізілді. Бұл игі істі аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мұрат Тоқашбаевтың жетекшілігімен бірқатар сала мамандары жүзеге асырды.
Атап айтқанда, Іле аудандық дін істері басқармасының теологі Әлішер Сүлеймен, ауданның бас имамы Дархан Аманұлы және «Іле таңы» газетінің тілшісі Бағдат бірге жүріп, Төле би, Көкқайнар-2, және «Жомарт» мешіттерінің құрылыс алаңдарын аралап шықты. Ондағы мақсат – құрылыс барысын көзбен көру ғана емес, сол мешіттердің құжаттарын әзірлеп жүрген азаматтармен тілдесу, көкейде жүрген мәселелерін тыңдау, әкімдік тарапынан қандай қолдау қажет екенін анықтау еді.
Тексеру барысында мамандар салынып жатқан төрт мешіт пен бір қайырымдылық мекемесінің жағдайымен танысып, демеуші азаматтармен де жүздесті. Заңгерлермен де ашық пікір алмасып, құжаттық жұмыстардың кешігу себептері мен оны жеделдетудің жолдары пысықталды.
Келісімнің нәтижесінде Төле би, Көкқайнар-2 және «Жомарт» мешіттерінің барлық құжаттамасы ТОО «Build-group KZ» компаниясының директоры Садықова Ләззат ханымға ресми түрде тапсырылды. Ол өз кезегінде мешіттердің құжаттарын 2025 жылдың соңына дейін толықтай аяқтап, тиісті органдарға өткізетінін жеткізді.
Бұл – Іле жеріндегі рухани тірліктің жаңғыруы жолында жасалған маңызды қадам. Елдің ынтымағы мен бірлігін арттыруға бағытталған осындай игі істер жалғасын табары сөзсіз.



