preloader

Жаңалықтар

Іле ауданы: Үлгілі отбасылар анықталды

Іле ауданы: Үлгілі отбасылар анықталды

«Ислам және дәстүр құндылығы» жылы аясында Алматы облысы, Іле ауданы, Көкқайнар — 2 ауылдық мешітінде «Ең үлгілі отбасы» атты аудандық сайыс өтті.

ҚМДБ тарапынан бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес ұйымдастырылған бұл шараның қасиетті Құран аяттарын оқумен және Дәулетияр Сағитжан мырзаның батасымен басталды. Алғы сөзді алған Алматы облыстық мешітінің наиб имамы, өңіріміз бойынша «Дін мен дәстүр» бағытына жауапты маман Ринат Маратұлы көпшілікке Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлының сәлемін жеткізіп, «Ислам және дәстүр құндылығы» жайында қысқаша уағыз-насихат айтты.

Өз кезегінде Іле ауданының бас имамы Дархан Аманұлы сайыс шарттарына тоқталып, қазылар алқасын таныстырды.

Отбасылық байқауға Алматы өңірі мешіттерінің заңгері Дәулетияр Сағитжан, Алматы облыстық мешітінің наиб имамы Ринат Маратұлы, Іле аудандық Әйел-қыздар секторының жетекшісі Майгүл Айтбайқызы және Батыр ауылының ұстазы Жансая ханым төрелік етті.

Сайыс екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында киім үлгісіне мән беріліп, баға берілді. Одан кейін көпшілікке ұлттық тағам түрлері ұсынылды.

Ер адамдар Ислам жайында сұрақ-жауап сынынан өтіп, қасиетті Құран Кәрімнен білетін сүрелерін оқыды. 

Әділ қазылар шешімімен қатысушы жанұялар арасынан үздік деп танылып 1 орынға Қосөзен ауылынан келген Тәженовтар отбасы (100.000 тг) қол жеткізді. ІІ орынды Водник ықшам ауданынан келген Қайықпаевтар отбасы (70.000 тг) иеленсе, ІІІ орынды Төле би ауылынан Айтжан отбасы (50.000 тг) қанағат тұтты.

Айта кетейік, жүлделі орын иегерлеріне, сондай-ақ барлық қатысушыларға бағалы сыйлықтар табысталды. Сайыс соңында Дәулетияр Сағитжан  бата беріп, қатысушыларға арнайы мерекелік дастарқан жайылды.