ИМАН мен ӨМІР
ИМАН мен ӨМІР
Дін мұсылман болмаса, тіл мұсылман не пайда?
( Бұқар жырау)
Өткенге көз салсақ, барлық адамзат бұл өмірде түрлі қиындықтармен арпаласып өлместің күнін кешіп келе жатқанына куәміз. Алайда Пайғамбарымыз (с.а.у) үмметіне көмілген ақиқаттың көзін ашып, тастай жүректі жібітіп, оған иман нұрын ұялатты. Ендігі сәтте құлға құл болуды емес, бір Жаратушыға құлдық жасаудың жолын егжей-тегжейлі көрсетті. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у) бар ғұмырын үмметі үшін арнап, келешекте сан-қилы қиындыққа төзе білудің және одан құтылудың жолын көрсетіп кеткен.
Мәселен, Пайғамбарымыз (с.а.у) Мекке жеңісінен кейін Ұхуд тауының маңынан өтіп бара жатып:
«Үмметім пұтқа табынатын деп қорықпаймын, бірақ та дүние құмарлығының құлы болып кете ме деп қорқамын» десе, тағы бір хадисінде:
«Әлі-ақ адамдардың жүрегінде дүние мүлікке сүйіспеншілігі артып, жиһадты қауіпті санап, зекет беруден қашып, оны өзінше қарыз деп ойлайтын уақыт та келеді».
«Мен сендердің дүние мансабы үшін бір-біріңмен жанжалдасып, біріңді-бірің өлтіруіңнен және сол себепті алдыңғы қауымдар секілді халақ (жойылу) болар ма екен деп қорқамын» -деп, дөп басып айтқан.
Қасиетті Құран Кәрімде:
(Мұхаммед Ғ.С.): “Әй өздеріне зиян қылған құлдарым! Алланың рахметінен күдер үзбеңдер. Алла баршаларыңның күнәларыңды кешіреді. Өйткені Ол ерекше жарылқаушы, мейірімді” де. (Зүмәр сүресі, – 53 аят)
Шынында бұл хадистер мен Құран аяттарының түпкі мәніне қарасақ Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.у) үмметі болған біз жерге шашылған тарыдай шашырап, бұл дүниеге неге келгенімізді, ондағы негізгі мақсатымызды ұмытып, барар жол таппай дағдарған бір күй кешудеміз. Айналамызға қарасақ, бұрынғы адасқан жәһил арабтардың 360 пұттары болмаса да, соған ұқсас көзге көрінбейтін тәңірлеріміз баршылық. Онан тыс әркім нәпсісінің құлы болып, дүниеге бас ұруда. Қазіргі таңда адамдардың басым көпшілігі қу дүниенің соңын қуып, нәпсі құмарлықтың соңынан еріп, Еуропалықтардың тұрмыс-тіршіліктеріне қызыға қарап соны аңсауда. Одан қалса жастарымыз телефонға телміріп, әлеуметтік желінің ләззатына беріліп, негізгі адами құндылықтарынан айырылып барады. Оған қоса талай адамдардың санасын улап, ақылға сүйеніп, көңілінің құрышынқандырып, сеніміне селкеу түсіріп, асыл иманымен ойнаған негізі мен ұстанар ұстанымын ойдан құрған көк тәңіршілдер мен сәләфи көзқарастағы насихаттаушылар мен түрлі сайттар мен әлеуметттік желілердің күн өткен сайын саны артып жатқанын көзімізбен көріп отырмыз.
Пайғамбарымыз (с.а.у) рухани ішкі-жан дүниеге мән берсе, біз сырты сұлулығымызға, жылтыраған дүниеге мән беретін болдық. Сондықтан әрбір пенде: «Мен кімге құлмын? Мен ненің соңындамын? Бір Аллаһқа құлмын ба, әлде құлға құлмын ба?» деп, ненің соңында жүргендігі жайлы өзіне-өзі сұрақ қоя білсе ғой шіркін!
Енді Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадистеріне назар аударсақ:
«Бір-біріңді жақсылыққа шақырытын, жамандықтан тиятын бір жан табылмайтын күн туады».
«Сендер жақсылыққа шақырмайтын, жамандықтан тыймайтын кісіні неткен керемет адам еді деп айтатын заман келеді».
Міне бұл хадистер күнделікті өміріміздің бірден-бір айғағы. Бұл дініміздің әрбір мұсылманға жүктеген ақиқатты жетік түсінбеуіміздің салдарынан. Халық арасында рухани азғындық кеңінен етек алуда. Қазір айқайлап, ақиқатты айтқанда сенбейтін, алдап-арбап, өтіріктің уын ішкізгенге сенетін заман болды. Пайғамбарымыз (с.а.у) тілге тиек еткендей шындықты сөйлегендер тұтылып, өтірік сөйлегендер құтылатын болды.
«Сол күні мүминнің жайсаң жүрегі суда еріген тұз секілді» дүниелікке, нәпсілікке ериді», – деді. Сонда сахабалар: «Не үшін бұлай ериді?» деген сұраққа, Пайғамбарымыз (с.а.у): «Жамандықтың қатары көбейіп, оларға төтеп бере алмағандығының салдарынан», – деп жауап берді.
Әрине, бұл сөздер адамды ойландырып, толғандырытын мәселелер. Қазіргі күнде екінің бірі күн көрістің қамы үшін ішіп жатқан асының адалдығына емес, бар болғандығына шүкір ететін заман болды. Қайдан, қалай табылып жатқанына аса мәнбермей, күн көруде. Тығырыққа тірелген сәтте пайызға ақша алып, уақытында бере алмай, соңында түрлі қиындыққа тап болатындар қаншама. Ал, сол пайызға ақша алар кезде ойланбастан құдды көкесінен алып жатқандай алады, ал беруге келгенде түрлі сылтау тауып құтылардың жолын іздейді. Ол аздай кейбір қазақтың қара домалақ жастары түкке тұрғысыз ақшаға дінін, арын сатып, бес күндік жалған дүниеге айырбастап, мәңгілік жәннатынан жұрдай болып жатқандар қаншама?!
Иманымызды суда еріген тұз секілді бұл дүниелікке, нәпсі құмарлыққа ерітпей, алақанда ұстаған қызыл шоқтай қорғап, жанымызды жалғыз Жаратушымызға тәсілім ете білсек, біздер үшін қандай бақыт болар еді?!
Егер де жоғарыда айтқанды ескермесек, дәл осы қалпымызда кете берсек, онда тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ретінде Пайғамбарымыздың (с.а.у) мына хадисі дәлел:
«Шындықты айтқандарға, жалғаншы деген ат тағылытын, ал, өтірікшілер ақталып құтылатын. Сенімді ақтайтын кісіге сенімсіздік танытатын, сенімсіз кісіге сенім артылатын уақыт келеді».
Қаскелең қалалық Әзірет Омар мешітінің имамы
Нұрбосынов Ғани


