“Имани жаз – 2025” жазғы сауат ашу курсы сәтті аяқталды
Маусым айында Алматы облысы бойынша “Имани жаз – 2025” атты жазғы сауат ашу курсы табысты өтті. Курста барлығы 3821 бала діни білім алды, оның ішінде 2462 ұл бала және 1359 қыз бала. Балаларға «Имандылық әліппесі» мен «Құран әліппесі» атты оқу құралдары бойынша сабақ жүргізілді.
Курс аясында балаларға тек білім берумен шектелмей, олардың жан-жақты дамуына бағытталған түрлі тәрбиелік әрі танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды. Шәкірттер білім сайыстарына қатысып, мұражайларға, ойын-сауық орындарына саяхат жасап, рухани әрі қызықты жазды өткізді.
Солардың бірі — Алматы облыстық Қапшағай мешітінде өткен салтанатты шара. Бұл жиында “Имани жаз – 2025” курсын сәтті аяқтаған шәкірттерге сертификаттар табысталды. Салтанатты рәсімге арнайы келген Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы шәкірттерге ізгі тілегін білдіріп, дәріс берген Үшқоңыр медресе-колледжінің 3-курс студенттеріне алғыс хат табыстады.
Курс барысында тәжірибе жинаған бұл болашақ ұстаздарға Бас имам өз ризашылығын білдіріп, олардың діни білімді жеткізудегі белсенділігін жоғары бағалады.
Сонымен қатар, шамамен 40 шақты шәкірт демеушілердің қолдауымен мешіт асханасына апарылып, арнайы дастарқан жайылып, құрметпен шығарып салынды.
“Имани жаз – 2025” — жас ұрпаққа имандылықтың дәнін сеуіп, рухани тәрбие беруде маңызы зор игі бастама ретінде өз жалғасын таба бермек.



