ІШІМДІКТІҢ ЗИЯНЫ
Қазіргі таңда ішімдік қоғамда кең таралған әлеуметтік дертке айналды. Оны кейбір адамдар уайымды сейілтетін «демалыс құралы» деп қабылдаса, енді бірі « тәуелділіктен туындаған әдет» ретінде қолданады. Алайда асыл дініміз Ислам ішімдікті – адам баласына ең ауыр зиян келтіретін, ақылды тұмандатып, жүректі қарайтатын және рухты аздыратын арам іс деп таниды.
Құран Кәрімде арақтың зияны турасында ашық-анық аяттармен бірнеше саты арқылы бекітілген. Ең ақырғы бұйрықта Алла тағала Мәида сүресінің 90-аятында: «Әй, мүміндер! Арақ-шарап, құмар, бұттар және бал ашатын оқтар лас шайтанның істерінен. (Ақыретте ауыр азаптан) құтылу үшін одан сақтаныңдар. Негізінен шайтан, арақта, құмарда араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан тосуды қалайды. Ал сонда да тыйылмайсыңдар ма?» — деген.
Бұл аятта ішімдік ішу тек тыйым салынған лас іс ғана емес, иманға қауіп төндіретін әрекет ретінде қарастырылады. Шарап ішкен адам Алланы ұмытып күнәға бейім болатыны айтылған.
Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) ішімдікке қатысты хадистерінің бірінде: «Ішімдік – барлық жамандықтың кілті.»-дейді.
Бұл хадистен ішімдіктің өзге күнәларға жол ашатынын түсінеміз. Арақ – бастан бақыт пен байлықты тайдырушы. Расында арақ – дау-дамай, ұрыс-керіс, жанжалдың тамызығы. Ішімдік ішкен адам ұят, ар-намыс, жауапкершілік секілді қасиеттерден айырылады. Халық нақылындағы «Арақпен жолаяқ жасағанның жолы болмайды» «Мас болу – өз еркіңмен жындану» «арақпен достастым дегенше, адамгершілікпен қоштастым де» – деген сөздердің мәні зор. Жүсіп Баласағұни бабамыз да өлеңдерінің бірінде:
Шарап ішпей, бәледен жүр қашықта,
Байқа, атанба зинақор да, пасық та.
Сақ бол, шарап, зинақорлық күйгізер,
Олар тонын кедейліктің кигізер – өсиет етеді.
Ислам – тазалық пен тәртіпке негізделген дін. Ішімдік – бұл тәртіпке қарама-қайшы, адамды азғындық пен апатқа жетелейтін зиянды дерт. Сондықтан мұсылман адам бұл күнәлі істен аулақ болуы тиіс. Бұл – тек діни міндет емес, адамгершілік борыш. Арақтың мінез-құлыққа, қоғамға, рухани өмірге, қаржыға, денсаулыққа тигізер кесірі өте көп.
Асыл дініміз Ислам ішімдікті жеке адамның мәселесі емес, қоғамдық қауіп деп бағалайды. Себебі ішімдік:
Отбасы татулығын бұзады;
Кісі ақысына кіруге (жарым жан ету, адам өлтіру) себеп болады
Жол-көлік апаттарының негізгі себебі болады;
Жұмыссыздық пен кедейшілікке жол ашады;
Өскелең ұрпаққа жаман үлгі береді.
Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадистерінің бірінде: «Арақ он түрлі қырынан қарғысқа ұшырады: арақтың өзі, оны ішуші мен құйып беруші, сатушы мен сатып алушы, дайындаушы мен дайындатушы, әкелуші мен әкелдіруші және арақтан түскен пайданы жеуші Алла тарапынан қарғысқа ұшырады», – деген. Бұл да оның қаншалықты ауыр күнә екенін көрсетеді.
Қорытындылай келе бүгінгі қоғамда рухани тазару мен тәртіпке бет бұру – бәріміз үшін маңызды. Ішімдік – уақытша ләззат беретін, бірақ мәңгілік өкінішке апаратын жол. Сондықтан әр адам өзін де, отбасын да осындай зиянды істерден қорғауға тиіс. Ислам діні осы жолда бізге айқын бағдар береді.
Алла Тағала баршамызды Өзінің бұйрықтарына бойұсынған, арам етілген істерден тыйылған, тура жолға түскен ізгі құлдарының қатарынан етсін!
Талғар қаласы “Биеке батыр” мешітінің имамы
Қасымхан Қалдыбайұлы


