ИСЛАМ ЖӘНЕ ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ: ИХСАН ЖОЛЫНДАҒЫ НАСИХАТ
ҚМДБ жариялаған «Ислам және отбасы құндылығы» жылы аясында 2025 жылдың 28 мамырында Алматы облысы, Райымбек аудандық «Әбдіғали Жетенұлы» мешітінде ауыл имамдарына арналған тағылымды семинар өтті.
«Ихсан және насихат» бағыты бойынша өткен бұл шараны ауданның бас имамы Азамат Бексұлтанұлы жүргізіп, Исламдағы отбасы институтының мәні мен маңызын кеңінен түсіндірді.
Семинар барысында имамдар Ислам дінінің отбасылық тәрбие, өзара сыйластық пен жауапкершілікке негізделген қағидаттарын талқылап, қоғамдағы рухани тұрақтылық пен берекені сақтау жолындағы дін қызметкерлерінің рөлін айқындады.
Бұл басқосу — тек діни білім алмасу ғана емес, отбасыны нығайтуға бағытталған рухани үндеу, насихаттың жаңа белесі болды.



