preloader

Жаңалықтар

Кәсіпкерлер имам-ұстаздарға көлік сыйлады

Кәсіпкерлер имам-ұстаздарға көлік сыйлады

Алматы қаласында «Қош бол, Рамазан!» деген атпен игі жақсылардың басын қосқан ауызашар өткізіліп, бір ай бойы ораза тұтып, тарауық намазында бас қосқан бір топ кәсіпкер асыл дініміздің жолында қызмет етуші имам-ұстаздарға ерекше құрмет көрсетті.

Игі шара Діни басқарманың тұңғыш төрағасы Рәтбек қажы Нысанбайұлының қасиетті Құран аяттарын оқумен басталды. Осыдан кейін наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы ҚМДБ төрағасының орынбасары, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының сәлемін жеткізіп, еліміздегі дін саласының дамуы жайлы сөз қозғады.

«Адамға қуаныш сыйлау ардақты пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті, үлкен азаматтық іс. Бүгінгі игі шараға мұрындық болған «Bayman group Qazaqstan» ЖШС-нің басшысы Сман Бекарыс Абайұлы бастаған 30 шақты кәсіпкер азаматтарға Алла разы болғай. Көлік мінген 5 имам-ұстаз болғанымен, оның артында қаншама адам қуанышқа кенелуде», – деп, наиб мүфти жалғасын тапқан жақсылықтың сауабы оның бастауындағыларға бұйыратынын айта келе, мешіт қызметкерлері тарапынан зекет алуға лайықты, қолдауға мұқтаж ұстаздар таңдалғанын атап өтті.

Олар:

1 Асанбаев Қайыржан – Алматы облысы, Іле ауданы, «Жаңа арна» ауылдық мешітінің имамы (Еңбек өтілі 17 жыл, 6 баласы бар. Отбасымен қызметтік үйде тұрады);
2 Беренқұлов Тұрар – Алматы қаласы, Наурызбай ауданында орналасқан «Кулиза ана» мешітінің имамы. (Еңбек өтілі 23 жыл, 3 баласы бар. Қазіргі таңда отбасымен бірге мешіттің қызметтік үйінде тұрады);
3 Назаров Әбубакир – «Әбу Ханифа» медресесінде 2016 жылдан бері ұстаздық қызмет атқарып келеді (Еңбек өтілі 7 жыл);
4 Стамбакиев Нұржан – «Нұр-Мүбарак» университетінің оқытушысы, докторант, жас ғалым, бірнеше зерттеу еңбектерінің авторы;
5 Қайрат Құрманбаев – «Нұр-Мүбарак» университетінің проректоры, PhD доктор, ҚР Дінтанушылар конгресінің төрағасы, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі.

Осы арада Қайрат Құрманбаев өз көлігін университет құрылысымен айналысушы «Білім-Қазына» қоғамдық қорына табыстады. 

Бұл игі шарада бесінші көлікке қаржы жинау ауызашарға келген қонақтарға да нәсіп болды. Сман әулетінің анасы Азиза Қолдасова бастаған бір топ аналар да қаржыларын қосып, ізгілікке үлес қосты. Ал ұйымдастырушы Бекарыс Абайұлы бұл игі бастама өз жалғасын тауып, болашақта 100 көлікке дейін жетуіне тілектестік білдірді.