preloader

Жаңалықтар

Орал өңірінде студенттер жатақханасы ашылды

Орал өңірінде студенттер жатақханасы ашылды

Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы Подстепное ауылындағы жаңа мешіт жанынан студенттерге арналған жатақхана ашылды. Салтанатты шараға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, дұға тіледі.

«Бүгінде жатақхана тапшылығы – қоғамдағы күрделі мәселелердің біріне айналғаны белгілі. Қалаға оқу іздеп келген жеткіншектер үшін жатақхана ауадай қажет. Әсіресе әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан студенттер үшін пәтер жалдау – қиынның-қиыны. Осы бір келеңсіз жағдайдың оң шешімін табу үшін жатақхана ашуды жөн көрдік. Бұл жатақханаға көпбалалы отбасыдан шыққан, ата-анасынан айырылған шәкірттер қабылданады. Жатақханада шәкірттердің алаңсыз білім алуына жағдай жасалған. Алла қаласа, мұндай жатақханалар еліміздің әр өңірінен ашылып, еліміздегі жатақхана тапшылығын азайтады деген сенемін» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Айта кетейік, Бас мүфти жыл басында өзінің бағдарлық баяндамасында республикалық маңызы бар 3 қаладан, сонымен қатар облыс орталықтарынан әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан студенттерге арналған қайырымдылық негізіндегі мүфтият жатақханаларын ашуды тапсырған болатын.