preloader

Жаңалықтар

Ораза айт мерекесіне арналған іс-шара өтті

Ораза айт мерекесіне арналған іс-шара өтті

Алматы облысы, Қапшағай орталық мешітінде қасиетті Рамазан айының қорытындысына орай ұлық мереке – Ораза айт жоғары деңгейде аталып өтті.

Іс-шара барысында Ораза айт мейрамының мән-маңызы кеңінен насихатталып, оның тек қуаныш мерекесі ғана емес, мейірім мен қайырымдылықтың, бауырмалдық пен бірліктің жарқын көрінісі екені атап өтілді.

Айтулы күні Алматы облысының бас имамы Мадияр қажы Тағайбайұлы жамағат алдында сөз сөйлеп, барша жұртты Ораза айт мерекесімен құттықтады. Сонымен қатар ел амандығы мен тыныштығын тілеп, бірлік пен берекеге үндеп, ақ батасын берді.

Мешіт аумағы ұлттық нақышта безендіріліп, мерекелік баннерлер ілінді. Айт намазы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жамағатқа насихат айтылып, мерекенің рухани мәні кеңінен түсіндірілді.

Ораза айт күні мешітке келген балаларға сыйлықтар мен тәттілер таратылып, мұқтаж отбасылар мен қарттарға азық-түлік себеттері үлестірілді. Қайырымдылық дастархандары жайылып, киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар мен мәдени бағдарламалар ұйымдастырылды. «Айттау дәстүрі» өткізілді. Сонымен қатар «Айтта жақсылық жасайық» атты қайырымдылық акциясы аясында мүмкіндігі шектеулі жандар мен жалғызбасты аналарға қолдау көрсетілді.

Мереке аясында жамағатқа бауырсақ пен наурыз көже ұсынылып, қарттар үйі, балалар үйі және ауруханаларға арнайы барып, сыйлықтар табысталды.

Шара соңында Ораза айттың адамдар арасындағы бауырмалдықты арттырып, қоғамдағы өзара түсіністік пен ынтымақты нығайтатын ұлық мереке екені ерекше атап өтіліп, игі бастамалар жамағат тарапынан жоғары бағаланды.